Бұрынғы мәжілісменге алғыс хат табысталды.


Мұрат Ергешбаевтың Мәжіліс депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды. Жақында ол Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселе қаралды.

"Біз Мұрат Нәлқожаұлымен бірінші күннен бері қоян-қолтық жұмыс істеп келдік. Мәжіліс қабырғасында бірлесіп атқарған белсенді жұмыс үшін Мұрат Нәлқожаұлы әріптесімізге зор алғысымызды білдірейік. Өткен аптада Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Өте жауапты қызмет. Біріншіден, халықтың, Мемлекет басшысының сенімін ақтап, өңірдің өсіп-өркендеу жолында жемісті еңбек ете беруіңізге тілектеспіз", – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Мұрат Ергешбаевқа Мәжілістің атынан алғыс хат табысталды.

"Ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен сенім артып, туған еліме қызмет етуге, сенімді ақтауға бар күш-жігерімді саламын деп ойладым. Бұл маған Сыр өңірінде, өзімнің елімде қызмет атқару үлкен жауапкершілік. Үш жылдың ішінде осы Парламент қабрығасында әріптестеріммен қызмет атқарып, біраз заңдарды талқылап, қабылдадық. Аздай болса да үлесім бар деп санаймын. Өздеріңізбен бірге жұмыс атқарып, үлкен тәжірибе алдым, соны мақтан етемін. (...) Бірлесіп жұмыс атқарайық", – деп атап өтті Қызылорда облысының жаңа әкімі.

"Қимай тұрғаныңыз көрініп тұр. Жолыңыз болсын!", – деді Ерлан Қошанов.

Айта кету керек, бұған дейін Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындалғанын жазғанбыз.