Еліміз Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықты арттыра түспек. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов пен Дүниежүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассанидің кездесуінде айтылды.
Банктің мәліметінше, 1992-2024 жылдар аралығында екіжақты ынтымақтастықтың нәтижесінде $8 млрд сомасына 48 жоба іске асырылды. Кездесуде тараптар бірлескен жобаларды іске асыру барысымен қатар цифрландыру саласындағы әріптестікті әңгіме етті. Үкімет басшысы энергетикалық инфрақұрылымды, су құбыры желілері мен сумен жабдықтау нысандарын жаңғырту бойынша сараптама және жаңа технологияларға қол жеткізу бөлігінде жемісті ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді. Атап айтсақ, банк жобалауды оңтайландыру, минималды операциялық шығындармен экономикалық инвестицияларды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысына халықаралық озық тәжірибе енгізе алады. Сондай-ақ Олжас Бектенов трансшекаралық су жобалары аясындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Ал Антонелла Бассани өз тарапынан Дүниежүзілік банктің ынтымақтастықты арттыруға дайын екендігін жеткізді.