Астана халықаралық форумы тек еліміз үшін ғана емес, Орталық Азия, Еуропа жалпы өзге де мемлекеттер үшін айрықша мәнге ие, деп хабарлайды 24kz.

Оның маңызы туралы әлемдік басылымдар жарыса жазуда.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Биыл Астана халықаралық форумы Қазақстан Астанасына 2,6 миллиард теңгеден астам табыс әкелмек. Оның едәуір бөлігі іскерлік туризмнің артуымен байланысты. Бұл туралы The Times of Central Asia жазды. Сондай-ақ басылым Қазақстанның жаһандық аренадағы орнын ерекше атап өтіп, форумның маңыздылығына тоқталып, түрлі мемлекет арасындағы ашық диалогқа жол ашу, стратегиялық бастамаларды ілгерілету және халықаралық инвестиция тарту мәселелерінің маңызы жөнінде жазады. Бұл ретте басылым Астана халықаралық форумына елдер арасындағы дипломатиялық және экономикалық көпір іспетті деп баға береді.

Сондай-ақ «Кавказ хабаршысы» басылымы да Астанадағы халықаралық форумның маңызына кеңінен тоқталып, іс-шараның жан-жақтылығын баса көрсеткен. Онда еліміздің ядролық және биологиялық қаруды таратпау ісіндегі жоғары рөлі, ғаламдық қауіпсіздікке төнген сын-қатер, протекционизмнің өршуі және мультилатерализм, яғни, мемлекеттар арасындағы қарым-қатынас қағидатының ақсауы сияқты жаһандық мәселелердің талқыға салынатыны айтылған.

«Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайды». Осындай маңызды тақырыппен Түркияның басты ақпарат агенттігі – Anadolu Ajansı ауқымды мақала жариялады. Онда Қазақстанның Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесін құрылымдық реформалау мәселесін көтергені жазылған. Сондай-ақ түрік сарапшылары Қазақстан Еуразиялық IT-хабқа айналуға нақты қадам жасап отырғанын және CryptoCity новаторлық пилоттық жобасын құратынын жеткізді.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Ернат Рахметолла