Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль әл-Мазруиды қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент жуырда Астанада Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен өткен кездесуін жылы ықыласпен еске алды. Сол сапар аясында нәтижелі келіссөздер өтіп, жалпы құны 5 миллиард доллардан асатын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылған болатын. Сухейль әл-Мазруи Астана халықаралық форумының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, көрсетілген жылы қабылдау үшін алғысын білдірді.
Кездесу барысында тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді нақты жүзеге асыру жолдарын талқылады. Атап айтқанда, екіжақты тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін арттыру бастамасы қозғалды. Министрдің айтуынша, БАӘ тарапы тақ мұрагерінің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған келісімдерді жүзеге асыруға белсенді кірісіп кеткен.
Сондай-ақ тараптар энергетика, агроөнеркәсіп кешені және көлік салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды.
Астана халықаралық форумы (Astana International Forum) 29-30 мамыр күндері өтеді. Бұл форум – үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, ірі компаниялар мен ғылыми орталар арасында экономиканы, қауіпсіздікті, экология мен климатты қоса алғанда, жаһандық маңызды мәселелерді талқылайтын диалог алаңы. Форумның тақырыбы – "Ойларды біріктіру, болашақты қалыптастыру".
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның сыртқы сауда жөніндегі делегат-министрі Лоран Сен-Мартенді де қабылдаған болатын. Сол кездесу барысында француз компанияларының Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге ниетті екені айтылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз