Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы жылқы фермасы жыл он екі ай бие сауып, құрғақ саумал өндіреді.
Ұлттық сусынның ұнтақталған түрін шығаратын өндіріс цехы еуропалық технологиямен жабдықталған. Шипалы саумалға әсіресе шетелде сұраныс зор. Сондықтан алдағы жылы өндіріс көлемін екі есе арттыру көзделіп отыр.
Фермада мыңнан астам жылқы бар. Күніне 35-40 бие сауылып, 350-ден 500 литрге дейін сүт алынады. Сауудан бастап, дайын өнім шыққанға дейін аралық толық автоматтандырылған.
Жібек Көбекова, сауыншы:
- Сауын стақандарын қолмен кигізгеніміз болмаса, ағытылып, ажыратылуы, аппараттың тазартылып, жуылуы автоматты түрде атқарылады. Жұмыстың еш қиындығы жоқ. Жылқыларда үйреніп алған.
Өндіріс барысында саумалдың құрамы, температурасы үнемі бақылауда болады. Сейфке ұқсас мына сублиматорлық камераларда саумал мұздатылып, қатырылады. Сосын сәл қыздырылып, құрамындағы су буға айналады. Пайдалы заттың бәрі сақталып қалады.
Амангелді Сарбасов, «Каменск АГРО» ЖШС директоры:
- Сублимация жасаған саумалды біз капсул ретінде, 300 грамдық, «медный стаканчигімен» осындай күйінде ішкі нарықта шығарамыз. Экспортқа осы күйінде 500 грамнан басталып, 50 кг қаптамаға дейін жасаймыз.
Ана сүтімен теңестірілетін саумалдың талай ауруға ем екенін қазір шетелдіктерде жақсы біледі. Соңғы жылдары бұл өнімге қытайлықтар қатты қызығушылық танытып отыр.
Мейрам Ахметжанов, Құрғақ саумал өндіретін ферма басшысы:
- Биыл дәл осындай зауытты Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында іске қостық. Осыған дейін жылына 15 тонна құрғақ саумал өндірсек, енді 25-30 тоннаға апарамыз. Ал Қытай нарығына шықсақ, өндіріс қуаттылығын екі есеге арттыру жоспарланып отыр.
Мұның сыртында отандық ферма Германия компаниясымен бірлесіп, жылқы сүтінен косметология өнімдерін шығаруды қолға алмақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров