Мәжіліс депутаттары сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізетін заң жобасы бойынша жұмысты бастады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Снежанна Имашеваның айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты — бір кандидаттың Мәжіліс депутаты болуы үшін бірнеше сайлау округінен ұсынылуына тыйым салу. Сондай-ақ, Мәслихат пен Мәжілістің бірмандатты округтері бойынша сайлауға бір мезетте қатысуға шектеу енгізіледі, әкімдерге кандидаттар үшін сайлау қоры құрылады.

Сонымен қатар, Президент, депутат, әкім және Орталық сайлау комиссиясы мүшелігіне үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Олардың ауыр қылмыс үшін соттылығы болмауға тиіс.

"Комитет заң жобасын жұмысқа қабылдауға дайын, қолдауларыңызды сұраймын", – деді Снежанна Имашева Мәжілістің пленарлық отырысында.

Депутаттар бұл бастаманы қолдады. Енді Снежанна Имашева жетекшілік ететін комитет қорытынды дайындайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget