Алматы әуежайында өзін-өзі өртемек болған азаматтың жағдайы өте ауыр.

Науқас №4 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оған қажетті емнің барлығы жасалуда. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетейік, кеше түнде Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстер терминалында жолаушы өзін өзі өртемек болды. Полиция қызметкерлері мен авиациялық қауіпсіздік қызметінің жедел әрекетінің арқасында өрт тез арада сөндірілді. Жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл жағдай Алматы халықаралық әуежайының қызметіне әсер еткен жоқ. Әуежай штаттық режимде жұмыс істеуде.