Оңтүстік Корея үкіметі қазақстандық әріптестерінің заңсыз еңбек мигранттарының санын азайту бойынша атқарған жұмыстарын құптады.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаевтың Сеулге сапары барысында мәлім болды.

Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Е-9 визаларын беру жөніндегі келіссөздер өткен жылы басталған. Содан бері бұл елде көп өзгерістер болды: биыл жазда жаңа Президент сайланып, Үкімет ауысты. Сондықтан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев жұмыс рұқсаттарын беру мәселесін жаңа басшылықпен жалғастырды.

Келісімге қол қоюға кедергі болып отырған басты мәселе – Қазақстаннан барған заңсыз еңбек мигранттарының көптігі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, биылғы 1 шілдеде Оңтүстік Кореяда шамамен 11 200 қазақстандық заңсыз жұмыс істеген. Бұл өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 1 200 адамға аз. Сеул еңбек мигранттарының санын тағы да қысқартуды сұрап отыр.

Пак Иль Хун, Корея Республикасы Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі Халықаралық ынтымақтастық бюросының бас директоры:

- Қазақстан заңсыз мигранттар санын азайту бойынша шаралар қабылдау керек. Мысалы, 2018 жылы Тәжікстан азаматтарының заңсыз келу деңгейі 28 пайыз болды, бұл Тәжікстанға еңбек мигранттарын жіберетін ел мәртебесін беруден бас тартуымызға себеп болды. дегенмен, 2023 жылы көрсеткіш 5,9 пайызға дейін қысқарды. Соның нәтижесінде Тәжікстанға рұхсат беріліп, биылдан бастап еңбек мигранттарын жіберуді бастады.

Пак Хон Гын, «Қазақстан–Корея» Парламентаралық достық тобының төрағасы:

- Корея Әділет министрлігінің деректері бойынша, мұнда заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтардың үлесі 23,4 пайыз. Ал EPS жүйесіне кіретін басқа елдерде бұл көрсеткіш шамамен 4 есе төмен – орташа есеппен 6,4 пайыз. Корея үкіметі Қазақстаннан бес жылдық нақты жоспар мен уақытында елге оралмағандарға қолданылатын жазалау шараларын ұсынуды сұрайды.

Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген азаматтар санын азайту үшін Сеулде осы айда полицей-атташе жұмыс істей бастайтынын, ал бұл лауазымға кандидаттарды ішкі істер министрлігі мен сыртқы істер министрлігі таңдап жатқанын айтты.

Аскарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Ең бастысы, полицей-атташе Корея Республикасының Көші-қон қызметіне заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары туралы ақпаратты анықтауға және беруге жауапты болады. Атташе Корея Республикасының Көші-қон қызметімен тығыз жұмыс пен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Асқарбек Ертаев еңбек мигранттарын Оңтүстік Кореяға жіберуді енді жеке емес, мемлекеттік мекеме қадағалайтынын хабарлады. Ол – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы еңбек мобильділігі орталығы. Еңбек мигранттары үшін дайындық жұмыстарын – корей тілін оқыту ал, медициналық тексеруді – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жанындағы тестілеу орталығы және Қонаев қаласындағы мекемелер жүргізеді. Ертаев барлық мигранттар Корея заңнамасын сақтау жөнінде жазбаша міндеттеме беретінін, ал ережелерді бұзғандарға айыппұл салынатынын атап өтті.

Аскарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:

- Барлық жазбаша міндеттемелер автоматты түрде есепке алынатын болады. Корея Республикасында жүрген Қазақстан азаматтарына мониторинг жүргізілетін болады.

Асқарбек Ертаевтың Оңтүстік Кореяға сапары елдің азат етілуінің 80 жылдығы қарсаңында өтті. Осыған байланысты ол мерекелік іс-шараларға қатысып, Ұлттық Ассамблея төрағасы У Вон Сикпен және «Қазақстан–Корея» парламенттік достық тобының төрағасы Пак Хон Гынмен кездесті. Парламентарийлер еліміздің Кореядағы еңбек рұқсаттары жүйесіне қосылуына ықпал етуге уәде берді.

Алдағы уақытта Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сеулге Оңтүстік Кореядағы заңсыз мигранттар санын азайту жоспарын және қазақстандықтарға еңбек визаларын беру үшін Корея үкіметінің ұсыныстарын орындау шараларын қамтитын толық құжатты жібереді.

Владислав Цой, Ольга Лян, 24KZ