Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беріледі. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігі мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

"Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру қарастырылған. Қазір бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Егер сәйкес ұсыныстар түссе, қабылдауға дайынбыз", – деді ведомство өкілдері.

Бұған дейін Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысы басталғаны хабарланған еді.

АЭС құрылысы

2025 жылғы ақпанда Қазақстанда АЭС салу орны ресми түрде бекітілді. Нысан Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында орналасқан Үлкен ауылы бұған дейін АЭС салынуы мүмкін негізгі орындардың бірі ретінде аталған болатын. 2024 жылғы қыркүйекте Massaget.kz тілшісі ауылға барып, жергілікті тұрғындардың жанында АЭС салу мәселесіне қалай қарайтынын білген еді.

2025 жылғы қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесе отырып атом саласын дамыту бойынша ұзақмерзімді жоспар әзірлеуді тапсырды. Ол болашақ АЭС-тердің ең қолайлы орындарын таңдау үшін нақты көзқарас пен жан-жақты талдау жүргізу, сондай-ақ заманауи әрі қауіпсіз технологияларды қолдану қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы үкімет пен Парламенттен екінші атом электр станциясының орнын анықтау бойынша да ұсыныстар күтетінін айтты. Ол кезде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев екінші АЭС-ті алғашқы станциямен қатар салу мүмкіндігін жоққа шығармаған.

Жақында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Қытай Қазақстанда екінші және үшінші АЭС-ті салатынын айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget