Қостанай облысының полицейлері 200-ден астам мопед пен скутерді тәркілеп , айып-тұраққа жіберді.

Көлік иелері жол ережелерін өрескел бұзып, тіпті апаттық жағдай туғызған. Жыл басынан бері екі дөңгелекті көліктердің мыңнан астам жүргізушісі әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың көлік жүргізу куәліктері, міндетті сақтандыруы жоқ, ал техникалары тіркелмеген. Бұдан қоса, 45 мотоцикл иесі алкогольді ішімдік ішіп рөлге отырғаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.

Эльмира Испандьярова, Қостанай облысы ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

- Биылғы жылы мопедтер қатысқан 26 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 3-і өліммен аяқталып, 27 адам түрлі жарақат алды. 5 сәуірден бастап мопедтерге қатысты заң өзгерді, 50 куб сантиметрден артық қозғалтқышы бар мопедтерді тіркеу қажет. Барлығын тексереміз. Егер жүргізуші куәлігі болмаса, мопедтерді тәркілейміз.