ҰҚК-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті блогер Айболат Букеновті ұстады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Чиновник.kz" Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Telegram-арна мәліметінше, қазір ол "қорғау құқығы бар куә" мәртебесінде.

"Букенов аудан әкімдігінің бір шенеунігі туралы ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін ақпараттарды жариялаймын деп қорқытып, одан ірі көлемде ақша талап еткен. 16 шілдеде ақша алып жатқан сәтінде ұсталып, кінәсін мойындаған. Қылмыстық кодекстің "Қорқытып ақша алу" бабы бойынша іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр", – делінген арна хабарламасында.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ.

Айболат Букенов — әлеуметтік желілерде бірнеше паблик пен Telegram-арна жүргізетін блогер. Ол Батыс Қазақстан облысының билігін жиі сынап, жазбалар жариялап жүрген.

Бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына түскен. 2019 жылы патрульдік көлік қатысқан жол апатын видеоға түсіргені үшін полиция талабына бағынбады деп айыпталған. Кейін полиция оның мас күйде болғанын және жеке деректерді қорғау туралы заңды бұзғанын мәлімдеген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget