Алматыда ІІІ халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Үш күнге созылған мәдени шарада алты мемлекеттің студенттері үздік қойылымдарын көрерменге ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қойған «Қобыланды» спектаклі үздік шықты. Ал «Үздік актёрлік ансамбль» аталымы Өзбекстанның Мемлекеттік мәдениет және өнер институтының «Халала» қойлымына бұйырды. Бүбүсара Бейшеналиева атындағы Қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің «Қашаба» спектаклі пластикалық бейне жасағаны үшін марапатталды. Фестиваль түркітілдес театрлардың, режиссураның бағытын байқауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

«Әсіресе, жас актёрлердің театр өнерінің тынысын ашқан жаңа қадамдары қуантты», — дейді өнер саласының өкілдері. Студенттік театрлар фестивалі алдағы жылдары да жалғасады.

Баястан Қанатбекұлы, Б.Бейшеналиев атындағы қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің студенті:

- Біз Сұлтан Раевтың «Қашаба» шығармасының негізінде сахналанып қойылған біздің режиссёр Жаңыл Айсақова, осы шығарманы әкелдік. Жалпы фестиваль ұнады, жақсы, бізге осындай нәрсе керек. Қазақстанға бірінші рет келіп жатырмыз. Бұл фестивальдің мақсаты – бір-бірімізбен тәжірибе алмасу. Шындығында, жақсы өтті.

Дулыға Ақмолда, актёр, қазақстанның халық әртісі:

- Менің бір байқағаным, осы фестивальде актёрлердің, студенттердің жұмыстары көбіне осы экспериментальды нәрсеге көбірек көңіл бөлінген, пластика жаңа қадам басқан. Пластика былай тұрсын, сөзді былай қоя тұрайық, деген нәрсе емес, сөз бен пластика қатар жүріп жатыр, яғни, психофизика деп жатырмыз біз, терминология бойынша осындай нәрселер жақсы күш алып келе жатқаны байқалды.