Адвокат Ләззат Ахатова әнші Наркенже Серікбаеваның даулы ісі туралы пікір білдірді.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
“Бастығым харрасмент жасады, иіскеймін деді” деп, желіге жар салған әншінің ашуы бір күнге де жетпепті ғой. Ертесіне татуласатыны бар екен, елді несіне шулатады екен? Өз мақсаттарына қару ету үшін бе?
Бастығы да ұялмайды екен. Шынымен қатынқұмар біреу болса, ұжымдағы қыз-келіншектер соңына дейін неге күреспейді? Әріптестерін де, өздерінің де ар-намысын қорғап?..Наркенже алғашқы да, соңғы да “құрбан” емес шығар. Тез татуласқанына қарағанда, сондай жағдай барлығына ыңғайлы сияқты ғой. Әйтпесе соңына дейін барып, қыз-келіншекке қырғидай тиіп, харрасмент жасайтын басшыны орнынан алғызуға күш салмай ма? “Әртіспісің деген” біртүрлі сөз бар ғой, осындай жеңілтек әрекеттеріне қарата айтылған сөз шығар. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Өнерімен де, өнегелі өмірімен де үлгі боп жүрген таланттар аз емес. Сонда да бір қарын майды шірітетін “құмалақтар” қалған әріптестерінің атына кір келтірмеуді ойлау керек шығар..
Харрасментке ұшырап жатқан қыз-келіншектер аз емес. Өзіміздің қыздарымыз сондайға ұшырамау үшін қоғам боп, күресуіміз керек екенін қос қолдап, қолдаймын. Мекемесіндегі әйел біткенді меншігім деп ойлайтын 19-ғасырлық көзқарастағы еркексымақ бастықтардың ұжым басқаруға қақылары жоқ! Қанша жерден іскер болсын, профессионал болсын.
Ал екінші мәселе, сол бастықтардың көзіне әдейі түскісі кеп, өздерін саудаға салу арқылы мәселелерін оп-оңай шешетін бикештер де аз емесін ұмытпайық. Біріншісін тыю үшін, екіншісіне де тосқауыл қою керек. Әйелқұмар бастықтар барда әлгіндей бикештер көбеймесе, азаймайды. Ал бір жерлері арқылы ғана мақсат-мұраттарына жететін, ар-намыс деген түсініктен жұрдай, өз мақсаттары жолында өзін саудалаудан арланбайтын “тоқалкалар” барда әлгіндей бабник бастықтар да көбеймесе, азаймайды.
Бір ғана мысал, Маңғыстау әкіміне қатысты дау. Арына дақ салмау — әйелге ғана қатысты қасиет емес. Ұрығын оңды-солды шашып жүретін еркектердің де жеңіл жүрісті әйелден еш айырмашылығы жоқ. Ақшасы бар еркектен бала тауып, жағдайын жасап алғысы келетін қыздар көп. Оларға ар-намысың, мораль, ұятың бес тиын. Есебін тауып, бір байды қолға түсірсе, болды. Қандай жолмен болса да.
Ал еркектер (әсіресе басшылар) өз нәпсісіне ие болып, өз жөнімен жүрсе, құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді. Абыройы да өзінде. Отбасы алдында да, елдің алдында да.
Ал ақылдаспай, алдап-арбап, бала табу арқылы еркекті (біреудің некелі жарын) байлап алам дейтін айлакер қыз-келіншектер баршылық. Бала — әке-шешенің бірінің қолындағы қару емес, ата-ананың махаббатымен, келісімімен жоспарланып, өмірге келу керек. Бұл жерде есерсоқ, нәпсіқұмар ересектердің соғысында құрбан боп тұрған жалғыз адам — жазығы жоқ, періште сәби..Ол өмірге келгеніне кінәлі емес. Әкесін байлап алатын қару ретінде пайдаланған туған анасы кінәлі. Сосын әрине, ұрығын оңды-солды шашып жүрген әкесі кінәлі. Ең басты кінә — ер-азаматта!
Жеке бастың мәселесі десек те, бұл жағдайлар қазіргі қоғамдағы өршіп тұрған, қоғам назарын бұрып, бір шара қолданатын кезге жеткен мәселелер», — деп жазды адвокат.