«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі ЮНЕСКО аясындағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығымен» бірлесе «Әділ қоғам» жобасын іске қосты, деп хабарлайды 24KZ. Жоба қоғамдағы адамгершілік пен ашықтық деңгейін өнер мен мәдени мұра арқылы нығайтуға бағытталған. Игі іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, сондай-ақ депутаттар, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Бұл ретте әділетті қоғам құрып, адал азамат тәрбиелеуде мәдениет және ақпарат саласының атқарар ролі айрықша», – деді Аида Балаева.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

- Кеше ғана Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқалы отырысында елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алатынын айтып, мұндай қасиеттер ең алдымен тәрбие арқылы берілетінін атап өткен болатын. Сондықтан біз әр азаматтың бойында адалдықты дарыту, жастарды парасат пен ізгілікке баулу жолында бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз.

Жиында айтылғандай, соңғы 5,5 жыл ішінде қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайған. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеп, кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30% кеміген. Ал қоғамдық орындардағы заңбұзушылықтардың саны 80% қысқарған.

Мэлс Семғалиев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ төрағасы:

- Біз сол көне заманнан заңды біліп, заңға бағынып, тәртіпті сақтайтын халықпыз. Сол себепті «Заң мен тәртіп» деген қағиданы жаңадан түскен қағида емес. Бұл біздің қанымызда, мәдениетімізде, дәстүрімізде бар нәрсе. Осыны жаңартып, жаңғырту керек.