Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласында тұрғын үй мәселесін шешу үшін "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 50 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысын аяқтады.
Жаңа 7 "А" шағын ауданы құрылды. Қазіргі уақытта тағы 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаланың сумен жабдықтау және су бұру желілері жалдан шығарылып, Қызылорда облыстық коммуналдық меншікке беріліп 11,4 шақырым кәріз желілері жөнделді.
Қазіргі таңда қазақстандық 5 мектеп, 5 балабақша және Байқоңыр қаласының әкімшілігіне қарасты 7 мектеп, 10 балабақша жұмыс істейді.
"Байқоңыр" ғарыш айлағы мен қаласының 70 жылдық мерекесіне орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Байқоңырға жұмыс сапарымен келіп, "Роскосмос" МК бас директоры Дмитрий Бакановпен кездесті.
Тараптар кездесуде Байқоңыр қаласының мәселелерін де кеңінен талқылады.
Басқосуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің "Байқоңыр" кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Ресейден келген делегация, жауапты сала басшылары қатысты.
Кездесуде "Бәйтерек" жобасын жүзеге асыру барысы, алдағы жоспар талқыланды. Роман Скляр "Роскосмос" МК бас директорының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Сергей Савельевті ІІ дәрежелі "Достық" орденімен марапаттаса, Дмитрий Баканов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевке "Космос без границ" медалін табыстады.
Басқосудан кейін қонақтар "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің құрылыс жұмыстарымен арнайы барып танысты.
Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласының объектілерін тиімді пайдалану үшін нысандарды жалдан шығару бағытында жұмыстарды тұрақты түрде жүргізе бермек.