Абай облысында елімізде баламасы жоқ өндіріс орнының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.
Облыс орталығында чип пен электронды қондырғылар шығаратын заманауи индустриялық парктің іргетасы қаланды. Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен инвесторлар қатысты. Аймақ басшысы бұл жоба өңір экономикасын әртараптандырып, жұмыс орындарын ашуға тың серпін беретінін атап өтті.
Жобаны «Suto Kazakhstan» қазақ-қытай бірлескен компаниясы жүзеге асырады. 50 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестициялық жоба үш кезеңмен 2028 жылға дейін іске асады. Жаңа зауытта чип, оптоэлектронды модульдер, қуат блоктары және энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндіріледі.
Жарқын Трушев, кәсіпорынның бас директоры:
- Бізде мысалы, жарық диодтарына келетін болсақ, жылына 1 млрд 200 млн дана шығару жоспарланып отыр. Шамдарға келетін болсақ, ол 3 млн дана. Дисплейлерге келетін болсақ, ол 60 мың дана дисплей.
Болашақта зауыт өнімі ішкі нарықты қамтып қана қоймай, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталады. Сонымен қатар кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжімен серіктестік орнатып, студенттерді тәжірибеден өткізіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.
Бауыржан Төленов, Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл зауыттың ашылуы біздің студенттердің жоғары деңгейдегі технологиялық дағдыларды алуына мүмкіндік береді. Бұл біздің жақын арадағы жоспарымыз. Ал алдыңғы жылы өзіміздің колледждерімізде осы чипті өндіру бойынша мамандықтар ашуды жоспарлап отырмыз.
Бұл келісім жастарға жаңа мүмкіндік, ал өңірге жаңа серпіліс береді. «Өндіріс орнында жоғары білімді, жергілікті мамандарға сұраныс жоғары болады», — дейді инвесторлар. Осылайша, «Қазақстанда жасалған» чиптер Семейдің брендіне айналмақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы