Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Тарихтағы ақтаңдақ беттерді ашып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым ету борышымыз.

Мемлекеттік комиссия құрылғаннан бері саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты.

Арайлым Мұсағалиева, Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Жаңа зерттеулер осы соңғы жылдары өте көбейді. Жаңа зерттеулер, жаңа кітаптар, жаңа монграфиялар шыға бастады. Осы жақында ғана Алаш орда ісі деген 12 томдық құжаттар жинағы жарық көрді. Олардың өміршеңдігі сөзссіз. Олар турал әлі еңбектер жазылады.

Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды.

Данагүл Махат, Тарих ғылымдарының докторы, Отырар кітапханасы ғылыми орталығының директоры:

Бұл 2,5 млннан астам құжатты зерттеудің өзі де ғалымдарға, зерттеушілерге үлкен уақытты қажет ететін, үлкен маман ретінде дайындықты қажет ететін мәселе. Құпия құжаттар түгілі, ашық құжаттарға дайындығы болмаған адам оны оқып жарияласа, қоғамды бір қарама қайшылыққа,дұрыс түсінбеушілікке әкелуі мүмкін. Сондықтан, маман тарихшылардың зерттеулеріне сүйенген дұрыс.

Бүгін мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада сөйлеген сөзінде басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ екенін, мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі айтып, тарихшыларға ризашылығын білдірді.

Азамат Бейбітұлы