Польша мен Беларусь шекарасындағы тұтқын алмасу аясында Қазақстан азаматы босатылып, елге қайтарылды. Бұл ақпаратты Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram-арнасында мәлімдемесінде растады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Польша Республикасының аумағында бұған дейін тұтқындалған Қазақстан азаматы биыл 28 сәуірде бостандыққа шыққаны белгілі.

Мұндай нәтижеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан азаматтарын, соның ішінде шетелдегі отандастарымыздың құқығы мен мүддесін дәйекті түрде қорғауының арқасында қол жеткізілді.

Мемлекет басшысы таяуда Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі ел конструктивті тұрғыдан ынтымақтаса әрекет еткені үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті оңтайлы нәтижеге қол жеткізуге ықпал еткен Ресей президенті Владимир Путинге де алғыс айту орынды деп санайды.

Мемлекет басшысы Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Тускке Польша тарапы болған жағдайға байланысты байыпты шешім қабылдағаны үшін ризашылығын білдіріп, хат жолдамақ", — делінген хабарламада.

Мән-жай

2 тамызда Польша БАҚ-тары ел аумағында шетелдік әскери барлау қызметіне жұмыс істеді деген күдікпен офицердің ұсталғанын хабарлады. Поляк билігінің мәліметінше, ол Польша мен оның одақтастарының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін ақпарат жинаған.

Сәрсенбі күні Ішкі қауіпсіздік агенттігінің (ABW) қызметкерлері КСРО ыдырағаннан кейін құрылған Азия мемлекеттерінің бірінің азаматын ұстады. Ол Польша Республикасы мен одақтас әскери құрылымдардың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін барлау қызметін жүргізген әскери барлаудың кадрлық офицері болып табылады. Ұлттық прокуратура ұсынды… https://t.co/30v4SKVETg

— Tomasz Siemoniak (@TomaszSiemoniak) August 1, 2025

Ұсталған адамның аты-жөні мен азаматтығы ресми түрде нақтыланбады.

"Польшаның Ішкі қауіпсіздік агенттігінің (ABW) қызметкерлері КСРО тарағаннан кейін құрылған Азия елдерінің бірінің азаматын ұстады. Ол — әскери барлаудың штаттағы офицері. Польша билігінің мәліметінше, күдікті Польша мен одақтас елдердің әскери құрылымдарының қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін барлау қызметімен айналысқан", – делінген Польша ішкі істер министрі Томаш Семоняктың хабарламасында.

Кейін, 13 тамызда Қазақстан Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық орталығы ұсталған адамның Польшадағы қазақстандық әскери атташе аппаратының қызметкері екенін растады.

"Қазір бұл жағдайды шешу үшін шетелдік тараппен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр", – деп атап өтті ведомствода.

Польша тарапы ер адамның 2025 жылғы наурыздың ортасынан шілденің аяғына дейін Варшава мен Быдгощ қалаларында әрекет еткенін мәлімдеді. Ұсталғаннан кейін сот оны үш айға қамауға алған. Польшаның Ұлттық прокуратурасы күдіктінің дипломатиялық мәртебені бүркеніш ретінде пайдаланғанын айтқан.

Ұсталған ер адам кінәсін мойындамады. Оған 5 жылдан 30 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget