Қарағанды облысында орманды санитарлық тазалау жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Орманшылар сау ағаштарды қорғау үшін қурап, зақымданғандарын кесіп тастайды. Жаз бойы жиналған ағаш үйінділері орманға ауру таратпас үшін жойылады.
Мұндай жұмыс жыл сайын жүргізіледі. Орманшылардың айтуынша, бұл жай ғана ағаш кесу емес. Зиянкестер зақымдаған және ескі қураған ағаштарды кесу арқылы орман тазарады. Соның арқасында жаңа желектер тез өседі.
Құрт түскен және қураған ағаштарды анықтау үшін мамандар аймақтағы барлық орманды қарап шықты. Жаз бойы осындай жарамсыз ағаштар кесілді. Енді өрт қаупі жоқ уақытты пайдаланып, 31 желтоқсанға дейін жиналған талдарды жағу жұмысы жүргізіледі.
Светлана Грицаненко, орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының инженері:
- Бұл аумақта орман күтімі және өртке қарсы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында ағаштарға патологиялық зерттеу жүргізіледі. Қураған және зақымданғандары кесіледі. Мысалы, мына кесілген ағаштар 60-шы жылдары егілген.
Көбіне ағаштарды қоңыз, құрт, жібек көбелегі сияқты зиянкестер зақымдайды. Олар алдымен қабықты ойып, кейін ауруды жанындағы ағаштарға жұқтырады. Биыл орманшылар бірнеше бағытта жұмыс істеп жатыр. Орманды сақтау үшін әр жердегі қураған талдарды кесіп тастайды. Ал жаппай зақымданған аумақтарға тәлімбақта өсірілген жас көшеттер егіледі.
Дулат Жұмабек, орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығының бас орманшысы:
- Мастерлер бар, солар ағаштарды қарап шығады. Санитарлық іріктеп кесу ме, не жаппай кесу ме, әлде жарықтандыру ма. Мысалы, қарағайлардың арасында егер қалың өсіп кетсе, оларды жарықтандыру, ағаш жағу жүргізіледі.
Орман шаруашылығы қызметкерлері өңір бойынша 80 гектардан астам аумақты қураған ағаштардан тазартты. Жұмыс жыл соңына дейін жалғасады. Кесілген ағаштар отын ретінде жеке үйде тұратындарға тегін беріледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит