Полиция заңсыз жолмен байымақ болғандарды анықтады.
27 сәуірде Қарағанды облысында полиция қызметкерлері "Qarmet" АҚ-да әрекет еткен қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.
Анықталғандай, күдіктілер жасырын алаяқтық схемаларды қолданып және кәсіпорынның жекелеген қызметкерлерімен сөз байласа отырып, жеткізілетін шикізаттағы темір құрамының көрсеткіштерін қолдан көтеріп отырған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кәсіпорынға келтірілген залал шамамен 190 млн теңге болды. Барлығы заңсыз әрекеттерге қатысы бар 13 адам ұсталды. Олардың барлығы Теміртау қаласының тұрғындары.
Тінту барысында ірі көлемде қаражат және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.