Елде қант диабеті, церебральды сал ауруы, басқа да созылмалы дертке шалдыққан науқастарға медициналық көмек беру жалғасады.

Оларды дәрі-дәрмекпен қамту еш шектелмейді. Денсаулық сақтау министрлігі осы күндері әлеуметтік желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бәзбіреулер медициналық көмектің осы түрлеріне қолжетімділік шектелетіні жайында жалған хабарлама таратқан. Министрлік дерегіне сай, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне 11 ауруды емдеу шаралары кіреді. Ақысыз дәрігерлік көмек пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан ұсынылады. «Жаңартылған тізбеге алғаш рет эпилепсия, церебро-васкуляр-лық аурулар кірді. Мемлекет бұрынғыдай азаматтардың жеңілдетілген санаттарына қатысты барлық кепілдіктерді сақтайды», — делінген Денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

- Соңғы күндері әлеуметтік желілердегі қант диабеті мен балалар сал аурулары және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттердің 2026 жылдың 4 қаңтарынан бастап медициналық көмектен шеттетіледі немесе шектеледі деген пікірлер таратылуда. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің атынан ресми түрде бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын хабарлаймыз. Аталған шара тек қаржыландыру көзін ауыстырумен байланысты. Бұл пациент үшін ешқандай көмектің шеттетілуімен, не болмаса қолжетімсіздігімен сипатталмайды.