Қарағанды облысында археологтар сақ жауынгерінің бұзылмаған зиратын тапты. Қарабие қорымындағы қазба жұмыстары кезінде оң қолына қос жүзді ақинақ ұстаған ер адамның сүйегі шыққан.

Ғалымдардың пікірінше жерлеу рәсімі біздің дәуірімізге дейінгі VII–VI ғасырларға жатады. Сонымен қатар жауынгердің тұтас құйылған қола ақинағын ерекше жәдігер деуге болады. Қаруда жыртқыш құс бейнеленген. Сондай-ақ зираттан жебе ұштары мен алтын сырға табылды. Алтын әшекей жауынгердің қоғамдағы жоғары мәртебесін, дәулетті болғанын айғақтайды. Көне заттардың көркемдік стилі Талды-2 қорымынан табылған «Алтын адам» жәдігерлеріне ұқсас. Барлық жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады. Қарабие қорымының құпиясын ашу үшін жан-жақты зерттеу жүргізіледі.

Арман Бейсенов , Тарих ғылымдарының кандидаты, археолог:

- Бұл сақ дәуіріне жатады. Сақ дәуірі екі заманға бөлінеді. Ерте сақ заманы деп айтамыз. Біздің заманымызға дейінгі VII–VI ғасырлар. Өзі ерте сақ қоғамы үш әлеуметтік сатыдан тұрады. «Алтын киімді адамдар» дейтін ол патша әулеттері, ел басқарушылар болды. Сосын екіншісі Еуропада айтылады. Бізде де орта класс деген сөз болды. Бұл сол ер адамның қабірі, жауынгер қабірі болады.