Енді аудан, ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері көшеге қоқыс лақтырғандарға өздері айыппұл салады, деп хабарлайды 24kz.
Бұрын бұл тәртіп сақшыларының міндеті еді. Сарыағаш ауданындағы көше тазалығына жауапты мамандар бұл жаңалықты қуана қабылдады. Себебі Өзбекстанмен іргелес жатқан әрі курортты өңір саналатын ауданда кісі қарасы қалың. Олардың арасында қолындағы қоқысын көшеге тастай салатындар аз емес
Сарыағаш қаласының тұрғыны Зина Әлімханова 10 жылдан бері тазалық мекемесінде жұмыс істейді. Таңмен таласа тұрып, көше бойын сыпырады. «Себебі қоқысты бей-берекет тастайтындар көп», - дейді.
Зина Әлімханова, тазалық қызметкері:
- Таңғы 5-тен келемін жұмысқа, кешке дейін жүреміз. Қоқысты көп тастайды. Қай жерге болсын тастап кететіндер бар. Халыққа өтінішіміз бар, қоқысты әр жерге тастамай, қоқыс жәшігіне тастаса дейміз.
Үлкен жолдың бойында орналасқан Қапланбек ауылының тұрғындары да көлік жүргізушілеріне наразы. Себебі жауапсыз жүргізушілердің тастап кеткен қоқысын өздері жинауға мәжбүр.
Самат Елесов, Қапланбек ауылының тұрғыны:
- Біз қазір Қапланбек ауылының үлкен тас жолының бойында тазалық жұмысын жүргізіп жатырмыз. Үнемі тазалап отырмыз. Себебі жүргізушілер ішкен суының құтысын, қағаз, салфетка, басқасының бәрін тастап кете береді.
Қазір Сарыағаш ауданында тазалық жұмыстарын аптасына 2 рет ұйымдастырылады. Оған мемлекеттік қызметкерлерден бастап мәслихат депутаттары, ерікті жастар мен аудан тұрғындары да атсалысады.
Әшімхан Баратов, аудандық мәслихат депутаты:
- Біздің жақ өте ыстық аудан. Сондықтан біздің шөптер ерте қурап кетеді. Соны уақытында тазаламасақ, бізде өрт болып кетуі мүмкін. Сондықтан біз алдағы уақытта да осындай іс-шараларды істей береміз.
Сарыағаш ауданында 225 мың халық тұрады. Оның 60 мыңы қалада қоныстанған. 60-тан астам шипайжай, тойханалар мен базарлар жұмыс істейді. Аудан атқамінерлері осының бәрін таза ұстап тұру үшін жақында қоқыс шығаратын 11 трактор, өзі су шашып, көше сыпыратын 1 әмбебап Камаз сатып алды. Тағы 13 дана трициклға тапсырыс берген.
Мұрат Байқабылов, аудан әкімінің орынбасары:
- Сарыағаш ауданына қарасты 4 кеден бекеті бар. Бір кеден бекетінен күніне 50 мыңға жуық адам өтеді. 15 мыңға жуық көлік өтеді. Адамның тығыздығына байланысты қоқыс өте көп болады. Біз тазалық жұмыстарымен қоса идеологиялық жұмыстарды да атқарып отырамыз. Тазалықпен әкімдік қана емес, қоғам болып күресуіміз керек. Айыппұл салмасақ, тазалыққа бетбұру қиын болып жатыр.
Аудан көлемінде 1 айда қоршаған ортаны ластап, қоғамдық орында қоқыс тастаған 180 адамға 500 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Мұндайда халықтың экологиялық мәдениетін көтеру – кезек күттірмейтін мәселе. Онсыз еткен еңбек еш кетуі мүмкін. «Ал тазалық табандылық пен жауапкершілікті талап етеді», - дейді жауаптылар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш