Жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру керек. Үкімет отырысында Премьер-министр «Жұмысшы мамандықтары жылында» осы мәселеге басымдық беруді тапсырды. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының алдағы бес жылда 2 млн 300 мың жасты жұмысқа орналастыру тапсырмасын назарда ұстауды ескертті.
Жалпы 2030 жылға қарай 3,3 млн қазақстандықты еңбекпен қамту міндеті тұр. Ол үшін еңбек нарығындағы трансформацияны ескермеске болмайды. Себебі экономикадағы құрылымдық өзгерістер салдарынан кейбір кәсіптер жойылып, орнына жаңалары пайда болуда. Премьер-министр құзырлы органға еңбек нарығындағы өзгерістердің толық есебін жүргізуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамының абырой-беделін арттыруға ерекше көңіл бөлу керек. Олар заманауи талаптарға сай болуға тиіс. Бүгінде елімізде ауқымды логистикалық және энергетикалық жобалар іске қосылып жатыр. Түрлі салаларда цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. Жалпы кешенді шаралар жаңа сапалы жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.