Атырау облысы Құрманғазы ауданында белгісіз індеттен жаппай түйе қырылып жатыр.
Кесел бір мезетте бірнеше ауылға жайылған. Тұрғындар шығынға батты, ал жауаптылар аурудың себебін анықтай алмай дал. Тек маусым айынан бері 200-ден аса түйе ауырып, 84-і арам өлгені белгілі.
Құрманғазы ауданындағы Дыңғызыл, Еңбекші, Мақаш ауылдарында ахуал күрделі. Әр үйден 6-7 бас түйе мен бота өлген. Тұрғындардың айтуынша, мұндай жағдай былтыр да болды. Бірақ дәл мұндай шығын келмеген. Қазір жергілікті әкімдік пен ветеринарлар өлген малды жойып жатыр.
Фазиля Қабдолова, Дыңғызыл ауылының тұрғыны:
- Менің өзімнен қазір 5 аналық түйе, 2 бота өлді. Дәрігерлер көмегін жасамай жатқан жоқ, дәрігерлер қолындағы бар көмегін жасады. Біз тек сол малменен күн көріп отырмыз. Біздің ауылдың тыныс-тіршілігі тек мал.
Өтеген Үбішев, Дыңғызыл ауылының тұрғыны:
- Нақты диагнозын тауып, бір халыққа деген көмегін көрсетсе деген жоғарғы басшылықтардан өтінішіміз бар. Осы мәселе көбіне айтатын мәселеміз.
Мамандар сынама алып, зертханаға жіберген. Бірақ Ұлттық референттік ветеринариялық орталық қауіпті қоздырғаштардың жоқ екенін анықтаған. Аурудың түрі және қайдан таралғаны әлі белгісіз.
Ықылас Азаматов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ветеринария бөлімінің бас маманы:
- Облыс әкімдігі тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне ұсыныс хат жолданып, осы аурудың нақты неден пайда болғанын анықтау мақсатында арнайы мамандарды жібертуін сұрадық. Сол бойынша қазір хабар күтілуде.
Қазір 47 түйені емдеп жатыр. Тұрғындар әлі алаңдаулы. Дереу шара қабылданбаса, қалған малдан айырыламыз ба деп қорқады. Қазір жылқы арасында да ауру шығып жатыр, дейді тұрғындар.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин