Атырау облысында төрт адамды өлтірді деген басты күдікті — 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев қылмысқа ұзақ уақытқа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдын ала сот тыңдауы барысында айыпталушы мәлімдеме жасап, жантүршігерлік оқиға туралы өз нұсқасын баяндады. Сұлтан Сәрсемәлиев марқұмдардың күйеу баласы болған.
"Жасаған қылмысым үшін жауапкершілікке, кез келген жазаға дайынмын, мейлі ол өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болсын", — деді ол.
Tengrinews.kz: Әлімжан Аманжол
Сұлтан Сәрсемәлиевтің айтуынша, жанжал отбасылық келіспеушіліктер мен жұбайының туыстарының араласуы салдарынан басталған.
"Әйеліммен 10 жыл бірге тұрдық. Арамызда үлкен келіспеушіліктер болса, бес баламыз болмас еді және сонша уақыт бірге тұрмас едік. Алайда әйелімнің отбасы біздің қарым-қатынасымызға шектен тыс әрі негізсіз араласып, әйелім екеуміздің арамызға іріткі салды", — деді айыпталушы.
Оның сөзінше, осындай жайттарға қарамастан әйелімен бірге тұра берген, бірақ жұбайының туыстары тарапынан қысым тоқтамаған.
"Олар "балалар не менімен, не менің ата-анаммен тұрмайды" деді. Осылайша балаларымды пайдаланып, мені бопсалады. ...Балаларымды анасынан да, әкесінен де, туған әжесінен де айырғым келмеді... Оотбасымды сақтап қалуға тырысқан барлық әрекетім нәтиже бермеді. Олардың іс-әрекеті мен сөздері өзімді ұстай алмайтын күйге жеткізді, моральдық және психологиялық тұрғыдан қажыдым. Осыдан кейін қылмысқа бардым", — деді ол.
Атырау облысында жоғалған отбасының ісі
Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:
- 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
- 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
- 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
- 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.
Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.
Атырау облысы ПД
6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.
Tengrinews.kz
Күдікті туралы
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған — ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.
qamqor.gov.kz
24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды.
Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:
- 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары — "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
- 188-баптың 2-бөлігі — "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
- 190-бап — "Алаяқтық".
Сот отырысы
2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!