Қазақстандық әртіс Қайрат Кемаловтың қайтыс болғаны белгілі болды. Оның қазасы туралы Қарағанды облысының әкімі хабарлады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ермағанбет Бөлекпаев Instagram-парақшасында марқұмды еске алып, жазба жариялады.

"69 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті актёр Қайрат Кемалов өмірден өтті. Ол бүкіл саналы ғұмырын театр саласына арнады.

Қайрат Кемаловтың өнердегі мансабы Қарағандыда басталған еді. Оның өнердегі жетістіктері халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Ол түрлі тарихи образдарды сомдауда актёрлік шеберлігімен көріне білді", – деп жазды әкім.

Әкімнің айтуынша, Қайрат Кемалов өмірінде жүздеген рөлді сомдаған: классикалықтан қазіргі заманғы рөлдерге дейін.

"Ол шеберлігі, мамандыққа деген үлкен адалдығы арқасында отандық театр және кино тарихында терең із қалдырды.

Қайрат Кемаловтың жарқын бейнесі әріптестерінің, шәкірттері мен достарының, көрермендердің жүрегінде мәңгі қалады" – деді облыс әкімі.

Қайрат Кемалов – актёр, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. inkaraganda.kz сайтының мәліметінше, ол 1957 жылы 8 қаңтарда Қарағанды облысындағы Ақтүбек ауылында дүниеге келген. Алматы, Қарағанды және Астана театрларында жұмыс істеген. 1995 жылдан бері Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актёрі болды. Оның жарқын жобаларының бірі – "Алтын тақ" (2019) фильмі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget