Таразды тіліп өтетін Сеңкібай су арнасы қоршалмағандықтан тұрғындар өміріне қауіп төндіріп тұр. 6 шақырымдық су арнасының айналасында 5 тұрғын үй алабы орналасқан . Сондай-ақ ағыны қатты су арнасы спорт кешені, мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандар маңынан өтеді. Салдарынан жылда жазатайым жағдайлар жиі болады. Қоршауы болмағандықтан былтыр да бірнеше рет адам құлап кеткен. Ал Сеңкібай арнасы Талас өзенінің суын Байзақ пен Жамбыл ауданы диқандарына жеткізетіндіктен үздіксіз ағады.

Серік Таубаев, қала тұрғыны:

1-2 айдың көлемінде 5 жасар ма, 3 жасар осы ауылдастың баласы, ойыншығы түсіп кеткен суға соны алам деп ұмтыламын деп суға түсіп кеткен бала. Шығарып алдық, қайтыс болып кеткен. Алдын алу керек қой енді. Жапса дұрыс болар еді осы суды. Ең болмаса балалар ойнайтын жерден. Мына жерде балалар ойын алаңы бар, футбол алаңы бар. Көп келеді бала-шаға.

Жалпы өңірде қоршауы қойылмаған каналдар мәселесі өте өзекті. Мамандар мәліметінше, елді мекендер ішімен өтетін 9 арна қауіпті саналады. Олардың бірде-біреуінде қоршау жоқ. «Қазсушар» мекемесі мәселені шешуге 500 млн теңгеден аса қаржы қажет дейді. Республикалық бюджетке өтінім жібергенімен әзірге мақұлданбаған.

Ербол Әбдірахманов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бас инженері:

Қазіргі таңда Жамбыл филиалында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде осы қоршаулар бойынша. Бұл қоршаулардың түрі біз қарап жатырмыз темір қоршау болады. Биіктігі 1,5 метр болады. Бұл жұмысты келесі 2026 жылы қарастырып отырмыз. Қаржы бөлінген жағдайда бірден басталады.

Данияр Әлімқұл