Бразилиялық спорт журналисі Игорь Серафини қазақстандық UFC шебері Шавкат Рахмонов туралы бейнеролик дайындап жатып, Қазақстан туына деген таңданысын жасыра алмады. Бұл туралы ол X әлеуметтік желісіндегі профилінде жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Спорт шолушысының айтуынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын әлемдегі ең әдемі тудың бірі деп атауға болады.

«Мен бүгін Шавкат Рахмонов туралы видео жасап отырып, мынадай қорытындыға келдім: Қазақстан туы — өнер туындысы, әлемдегі ең әдемі тулардың бірі. Ғажайып», — деп жазды Серафини.

Жазбаға пікір қалдырған қолданушылар Шавкатқа қазақ туы бейнеленген шорты тігу идеясын ұсынды.

UFC-де қазірдің өзінде ондай тәжірибе бар: Дастин Порье, Илия Топурия, Ислам Махачев, Чарльз Оливейра, Мераб Двалишвили және басқа да промоушен жұлдыздары бірегей спорт киімін киеді.