Спорт сарапшылары Шавкат Рахмоновтың жарақат алғаны туралы сыбыс тарағанын айтты.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

“Prommo Podcast” You Tube арнасында спорт сарапшылары Арман Әбдірахман мен Исатай Мәди аралас жекпе-жек шебері “Шавкат Рахмонов мансабын аяқтап жатыр” деген әңгіме тарап жатқаны туралы сөз қозғады.

”Жоқ жерден Шавкат Рахмонов мансабын аяқтап жатыр деген сыбыс шықты. Жарақат алды, UFC-мен қоштасып кетті деп жатыр. Ең қызығы, бұл ақпараттардың дереккөзі — UFC-дің қызметкері екен. Ол ақпаратты көрген кезде-ақ өтірік екенін түсіндім. Бірақ, кәдімгідей 300 мың оқырманы бар америкалық паблик “Шавкат жарақат алды, енді он ай жекпе-жексіз отырады” деп жазған. Әй-шәй жоқ осындай жаңалық тарап жатқанына таң қалып қалдық. Кейде осындай әрекеттерді әдейі жасап жатқандай көрінеді. Бірақ түсіну қиын. Жылдың соңына дейін Шавкаттың анонсын естиміз деп ойлаймын. Жылдың басындағы турнирлерге қатысады деп ойлаймын”, — дейді олар.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов Х әлеуметтік желісінде мансабына қатысты тарап жатқан сыбысқа жауап берді. Ол бірер күн бұрын жасаған мәлімдемесі арқылы жанкүйерлерін қуантты.

«Күнде жаттығу жасап, бар күшімді салып жатырмын. Жақын арада ораламын. Октагонға қайта шығатын күнді асыға күтудемін», — деп жазды Шавкат Рахмонов.

Еске сала кетейік, спортшы соңғы рет октогонға 2024 жылдың желтоқсанында шықты. Ол бір жыл бұрын өткізген жекпе-жегінде ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген еді.