Ресей Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын. Бұл туралы Минскіге Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына барған Кремль басшысы Владимир Путин мәлімдеді.

Оның ойынша, Мәскеу мен Киев Ыстамбұлда 2 маусымда өткен кездесуде ұсынылған қақтығысты реттеу туралы меморандумды талқылауы керек. Путин: «Әзірге тараптардың ұстанымы бір-біріне қайшы, бірақ тіл табысуға тырысу қажет», - деді. Сондай-ақ ол Украинаға қаза тапқан 3 мың сарбаздың мәйітін беруге әзір екенін атап өтті.

Владимир Путин, Ресей президенті:

- Тұтқын алмасуды аяқтап, біз ұсынған гуманитарлық акция, атап айтқанда, қаза тапқан сарбаздарды бергеннен кейін әрі қарай да байланысты жалғастыруға келістік. Келіссөздің үшінші кезеңін өткізуге дайынбыз. Тек уақыты мен орнын келісу қажет. Түрік республикасының президенті Ердоған мырза осы үдерісті бұрынғыша қолдайды деп ойлаймын. Оған алғысымыз шексіз. Ыстамбұлда кездесуге әзірміз.