Тағы бір посткеңестік ел Ресей әскерін өз аумағынан шығаруға кірісті.


Бұған жауап ретінде Мәскеу тіпті аймаққа әскер енгізу сценарийіне дейін баруға дайын.

Кишинёв Еуроодаққа интеграциялану бағытын жеделдетті. Сонымен бірге Приднестровьеден ресейлік әскерлерді шығаруды табанды талап етуде. Мәскеу бұған қатысты зілді-зілді мәлімдемелер жасап, қысым көрсету құралдарын кеңейту арқылы жауап беріп жатыр: арнайы заң қабылдап, шапқыншылық жасауы мүмкін екенін меңзеуге дейін барды.

Молдова Президенті Майя Санду DW-ға берген сұхбатында Еуроодаққа тезірек кіруге, сондай-ақ еуроинтеграцияға бөгет болып отырған ресейлік әскерлерді Приднестровьеден шығаруға қол жеткізетінін мәлімдеді.

"Мен осындай тәуекелге бел будым және Молдованың Еуроодақтың бір бөлігі болатынына сенімдімін. Біз халқымызға елді 2030 жылға дейін ЕО-ға мүше етуге уәде бердік. Молдованың ЕО-ға барар жолындағы басты кедергі – Приднестровьеде, яғни, сепаратистік аймақтағы жағдай: онда РФ әскерлері әлі күнге заңсыз жүр. Біз экономикалық және қаржылық тұрғыда осыдан арылуға шара қабылдап жатырмыз", – деді ол.

Сандудың айтуынша, өткен қыста Ресейден газ жеткізілімінің тоқтауына байланысты туындаған энергетикалық дағдарыс Приднестровье тұрғындарына Мәскеу қолдауының тұрақсыз екенін аңғартқан. Сонымен бірге, ол Еуропада жұмыс істеу және әлемде еркін жүріп-туру үшін молдовалық паспортты рәсімдеп жатқан аймақ тұрғындарының саны артқанына назар аудартты.

Осы орайда 15 мамырда РФ Президенті Владимир Путин Приднестровье тұрғындарына Ресей азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен беру туралы арнайы жарлыққа қол қойды. Путиннің жарлығы нені өзгертеді? Енді сепаратистік аймақта тұратын шетелдіктер, соның ішінде Молдова паспорты барлар мен азаматтығы жоқ адамдарға РФ азаматы болу үшін Ресейде 5 жыл бойы тұрудың, орыс тілінен емтихан және тарих пен заңнама бойынша тест тапсырудың қажеті жоқ.

Кремльдің "паспорттандырудың" жаңа кезеңі арқылы бұл аймақта өз ықпалын қаншалықты күшейте алатыны әзірге белгісіз. Сарапшылар Мемдума "РФ азаматтарын қорғау" үшін ресейлік әскерлерді шетелде пайдалануға рұқсат беретін заңды қабылдағаннан кейін көп ұзамай дәл осы президенттік жарлық пайда болғанын қаперге салды.

Америкалық соғысты зерттеу институты (ISW) "Мәскеу шетелдегі РФ азаматтарын "қорғау" құқығы туралы идеясын ілгерілете отырып, Молдованың ішкі істеріне ары қарай да араласу үшін заңнамалық негіз қалыптастырып жатыр" деп есептейді.

Ресейдің Кишинёвтегі елшілігі де паспорттарды жеңілдетілген түрде үлестіруді РФ армиясын ел шегінен тыс жерде қолдану туралы жаңа заңның қабылдануымен тікелей байланыстырды және Молдова билігін Приднестровьеге қысым жасап отыр деп тағы айыптады.

"13 мамырда Мемдума шетел мемлекеттерінің заңсыз әрекеттерінен біздің азаматтарымызды қорғау үшін РФ Қарулы күштерін жұмылдыру мүмкіндігін қарастыратын заң қабылдағанын еске саламыз", – деп мәлімдеді РФ елшілігі.

Бұған жауап ретінде Санду мен Зеленский мұны аймақты тұрақсыздандыру және адамдарды Украинадағы соғысқа тарту әрекеті деп атап, қатаң сынға алды. Владимир Зеленский жағдайды бағалау және Молдовамен бірлескен тойтарыс шараларын әзірлеу үшін Сыртқы істер министрлігіне көрші елмен іс-қимылды үйлестіруді тапсырды. Кишинёв болса, Приднестровье тұрғындарының РФ жағында соғыс қимылдарына қатысуына жол бермеу үшін бәрін жасайтынын мәлімдеді.

Санду РФ-тің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін Приднестровье тұратын көптеген жас тұрғындар Ресей майданға алып кетеді деп қорқып, Днестрдің оң жағалауына – Молдованың бақылауындағы аумаққа көшіп алғанын еске салды.

Молдова лидері Путиннің жарлығынан қаймықпайтынын, өйткені бұған дейін Ресей азаматы болғысы келген молдовалықтардың бәрі ресейлік азаматтықты баяғыда-ақ рәсімдеп болғанын, ал енді РФ паспорты барлардың бір бөлігі Еуропада еркін жұмыс істеп, алаңсыз саяхаттау үшін керісінше, молдовалық құжаттарды алып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетер жайт, Молдованың көптеген азаматының, соның ішінде Майя Сандудың да қос азаматтығы бар: олар Румыния паспортына ие. Ал, Румыния 2007 жылдан бері Еуроодақтың мүшесі болып табылады. Осы арқылы әзірге ұжымдық Еуропаның құрамында жоқ Молдованың азаматтары ЕО елдерінің азаматтары ғана пайдаланатын барлық игіліктерге қол жеткізді. Ал, Румыния болса, кеңес одағы бөліп алғанға дейін өз аумағы саналған Молдованың тұрғындарына өз паспортын таратуда.

Еуропалық ұйымның қолдауына жігерленген Молдова өз аумағынан Днестрдің сол жағалауын ажыратып алып, онда "Приднестровье Молдова Республикасын" құрып алған ресейлік әскери контингентке қысымды күшейтті.

Германиялық Deutsche Welle "Кишинёв Приднестровьедегі ресейлік әскерилерді іс жүзінде бұғаттап тастағанын" хабарлайды. "ПМР" Украина мен Молдованың арасында қысылып қалды. Басқа елдермен шектеспейді.

Киев Ресеймен ат құйрығын кесіскенге дейін РФ әскері бұл молдовалық анклавын Украина аумағы арқылы қажеттімен қамтамасыз ететін және қатынаутын. Енді ондай мүмкіндігі жоқ. Еуропалық басылымдар егер қаласа және өзара үйлестіре алса, Молдова мен Украина қос жақтан басып кіріп, ПМР-ді бір-ақ күнде жоя алатынын жазды. Бірақ Майя Санду күні кеше бұл өңірімен қақтығысын тек қана бейбіт жолмен шешетінін мәлімдеді.

Қалай болғанда, бүгінде Кишинёв пен Киевтің күш салуымен іс жүзінде Приднестровьенің сыртқы әлеммен байланысы тек Молдова астанасының әуежайы арқылы ғана жүзеге асырылады. Украинада соғыс басталғанға дейін ресейлік әскерилер азаматтық тұлға немесе турист ретінде алдымен Кишинёв әуежайына келіп жетіп, ары қарай көлікпен ПМР-ға өте қоятын.

Молдова ақыры бұл "командировакаларға" да тоқтау салды. Ол өткен аптада Приднестровьедегі ресейлік топтаманың барлық жоғары офицерлерін "персона нон грата" деп жариялады. Жағымсыз тұлғалардың қара тізіміне Ресей әскерлерінің жедел тобының (РӘЖТ) қолбасшысы Дмитрий Зеленков, оның орынбасарлары, штаб бастығы Марат Яруллин және басқалар кірді.

"РФ армиясы Молдова аумағында заңсыз жүр. Ұзақ жүрегі дауаламаған біздің билік бұл механизмді қолдануға ақыры өз бойынан батылдық тапты. Өйткені жау әскерлерінің ел аумағында болуы мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қабылданған шаралар арқылы біз РӘЖТ қолбасшылығын іс жүзінде Приднестровье аймағының шекарасында "құлыптап", қамап тастадық. Егер олар Молдова әуежайы арқылы ұшып кетуге кез келген әрекет жасаса, қайта оралу құқығынсыз Ресейге депортацияланады", – деп мәлімдеді ел Парламентінің спикері Игорь Гросу.

Сонымен бір мезгілде Кишинёв барлық тұрғыда әлсіреген сепаратистік аймаққа ультиматум қойды. Молдова Президенті Майя Санду Realitatea Moldova арнасындағы "Еркіндік территориясы" телебағдарламасында ел билігі Приднестровьені Молдоваға кіріктіруге дайын екенін, бірақ ол жерде ресейлік әскерлер тұрған кезде аймақты қаржыландырмайтынын мәлімдеді.

Оның мәліметінше, Молдова Днестр дариясының қос жағалауын экономикалық жақындастыру тетіктері іске қосылды. Сонымен қатар, Үкімет Конвергенция қорын құру үстінде: оған Батыс мемлекеттері де қаражат құятын болады.

Дәл осы кезде, биылғы жыл соңында ПМР басшысыз қалуы да ғажап емес. РФ-тан басқа ешкім мойындамаған республика президентінің сайлауы 2026 жылдың 13 желтоқсанына жоспарланған. Алайда Тирасполь қазірден Кишинёвті "сайлауға қолын сұғып жатыр" деп айыптап үлгерді.

Мәлімдемеде көрсетілгендей, Молдованың арнайы қызметтері бұл сайлауға "жағымсыз ықпал етуге" тырысуда-мыс. Приднестровьенің "МҚБ" (Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі) деп аталатын құрылымының басшысы Валерий Гебос ресейлік "РИА Новости" мемлекеттік агенттігіне сұхбатында "сайлау комиссияларының мүшесі болған адамдарға Молдова шекарасынан өту кезінде қысым жасалып, проблема тудыру қаупі төніп тұрғанын" мәлімдеді, деп жазды "Мост".

Молдованың Реинтеграция жөніндегі бюросы бұған қатаң жауап берді: "Сайлауға ешкім қол сұғып отырған жоқ, себебі, сайлау жоқ. Приднестровьедегі кез келген сайлау мен құрылымдар заңсыз, Молдованың егемендігіне нұқсан келтіреді және республика Конституциясына қайшы келеді".

Дегенмен, кейбір сарапшылар Днестрдің сол жағалауының Молдоваға реинтеграциялану үрдісі іс жүзіндегі қарқын алып жатқанына сеніпті. nokta.md порталының мәліметінше, Приднестровьеде Молдова азаматтығын алуға ниет білдірушілердің саны күрт өскен: үш айдың ішінде өтініштер саны шамамен 50%-ға артты. Мұны Zona de Securitate-нің сұрауы бойынша ұсынылған МР Мемлекеттік қызметтер агенттігінің мәліметтері дәлелдейді. Өткен үш айда ғана Днестрдің сол жағалауының 2 мыңнан астам тұрғыны құжаттарын тапсырып қойған.

Молдованың мемлекеттік қызметтер агенттігінің дерегінше, 2025 жылы Приднестровьеде 375 мыңнан астам адам тұрған, оның ішінде 232 669 адамның молдовалық паспорты бар.

Шолушы Юлия Михайлованың хабарлауынша, күн сайын сол жағалаудың 25 мыңға жуық тұрғыны Днестрдің оң жағалауына жұмысқа және оқуға қатынайды. ПМР-ден тағы 75 мыңға жуық адам Молдованың медициналық сақтандыру жүйесінде тіркеліп үлгерген және сонда емделеді. Өйткені ұзақ жыл бақылауында ұстаса да, Мәскеу ПМР-де аурухана, емхана салып, денсаулық сақтау жүйесін жолға қоя алмапты.

"Днестрдің сол жағалауының тұрғындары оң жағалаудағы Молдова беретін мүмкіндіктерді – әлемде еркін жүріп-туру мен Еуроодақта сауда жасаудан бастап, медициналық көмек пен жұмысқа тұруға дейінгі игіліктерді белсенді пайдалануда. Бұл туралы румыниялық Agerpres агенттігіне берген сұхбатында Молдованың реинтеграция жөніндегі вице-премьері Валериу Киверь мәлімдеді. Ол аймақтағы жағдайды тым ушықтырудың қажеті жоқ деп санайды: ахуал күрделі күйде қалып тұр, бірақ ауыр сипатта емес", – дейді Михайлова.

Былтыр РФ қара алтын мен көгілдір отынын тегін жеткізуді тоқтатқалы бері ПМР экономикасы қарқынды түрде деградацияланып жатыр. Nokta порталы Приднестровье билігінің жалақы мен әлеуметтік төлемдер үшін жұрттан қайыр сұрап жатқанын жазды. Мамыр айында онда "Вместе" атты қор құрылды. Тирасполь бизнес пен тұрғындардан осы қорға садақа жасауды сұрап, қайрылған: ол қаржы әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын төлеуге, соның ішінде шенеуніктер мен күш құрылымдарын ұстап тұру шығыстарын өтеуге жұмсалатыны жария етілді.

Мойындалмаған ПМР-дің премьері Александр Розенберг аймақ экономикасындағы жағдайды "соңғы жылдардағы ең ауыр дағдарыс" деп күрсіне сипаттады. Оның пікірінше, бұл күйзелісті "сыртқы шектеулер, экспорт пен импорттағы қиындықтар, кедендік кедергілер, логистикалық шығындардың өсуі, сондай-ақ 2025 жылдың басынан бері ресейлік газ жеткізілімінің тоқтатылуы" тудырған,

Дәл осы уақытта Кишинёв пен Тирасполь Мәскеудің араағайындылығынсыз-ақ келіссөз үстеліне қайта оралды. Молдова тарапы осы аптада ПМР-ден екі ортадағы заңсыз бекеттерді жоюды және молдовалық нөмірлері бар автомобильдерден жиналатын "виньеткалық алымдар" дегенді алып тастауды талап етті.

Бұл мәселелер көлік пен жол инфрақұрылымын бірлесіп дамыту жөніндегі жұмыс топтарының осы жылғы екінші отырысының күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналды. Молдова билігі сондай-ақ Днестрдің сол жағалауындағы көлік жолдарын, көпірлерді жөндеуді және инфрақұрылымды дамытуды талқылау тек Тирасполь біржақты тәртіппен орнатқан заңсыз бақылау бекеттерін жойғаннан кейін ғана мүмкін болатынын аңғартты.

РФ әскерінен арылып, Днестрдің қос жағалауының бірігуі ойғаннан да жылдам жүзеге асуы мүмкін. Молдова соны діттеп отыр. Реинтеграция жөніндегі вице-премьер Валериу Киверь Jurnal TV эфирінде Кишинёв Днестрдің сол жағалауына лей валютасын енгізуге дайындалып жатқанын мәлімдеді (бүгінгде ол аймақта тек рубль ғана айналымда). Молдова аймақты кері кіріктірудің бірнеше сценарийін, соның ішінде оны елдің бірыңғай қаржы жүйесіне біртіндеп қосуды қарастыруда. Ведомствоаралық топ нақты механизмдерді пысықтауға кірісіп те кетті.

ПМР-дің Молдованың құшағына енбеске лажы жоқ. РФ тарапы бұрынғыдай қуатты көмек көрсетпейді. Дағдарыс ушығуда: Тирасполь бірнеше рет ТЖ жариялауға мәжбүрленді. Әрі Киверьдің мәліметінше, бұған дейін Преднестровьенің бюджетін толтырып келген жергілікті ірі кәсіпорындарының көпшілігі бүгінде не мүлдем тоқтап тұр, немесе өз қуатының шамалы бөлігінде ғана жұмыс істеуде.

"Аймақтың 2025 жылдың желтоқсанында қабылданған бюджетінде тапшылық 40%-дан асты! Бұл бүгінде соғыс жүргізіп жатқан Украинаның көрсеткіштеріне тең. Егер бастапқыда кірістің шамамен 75%-ы әлеуметтік төлемдерге бағытталса, қазір бұл көрсеткіш 80-85%-ға дейін өсті. Яғни, олардың бюджеті әлеуметтік төлемдер мен жалақы аударудан көп аспайды", – деп түсіндірді Молдова вице-премьері.

Қырсығып, кірігуді тежеген сайын ПМР-дегі дағдарыс тереңдей түсуде. Жергілікті ақпарат құралдары бюджет қызметкерлерінің ақпан айындағы жалақысы тек сәуірде ғана төленгенін, оның өзінде ақшаны бөліп-бөліп беріп жатқанын хабарлады. Дәл осы кезде Днестрдің оң жағалауындағы жалақылар мен зейнетақылар Приднестровьеге қарағанда екі-үш есе жоғары.