Атырау облысында биыл 6 « Келешек мектебі» салынып жатыр.
Бұған дейін ұлттық жоба аясында 3 білім ордасы пайдалануға берілген. Келешек мектептері үш ауысымды білім ошақтарының мәселесін шешіп қана қоймай, білім сапасын жақсартуға да ықпал етіп келеді. Заманауи құрылғылармен жабдықталған нысандарда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.
Водников ықшам ауданындағы 1200 орындық мына келешек мектебі биыл қаңтарға қолданысқа берілді. Жаңа білім ордасында 1170 бала оқу жылын аяқтады. Қазір жазғы лагерь ашылып, балалар уақытын тиімді өткізуде. Мектеп заман талабына сай жабдықталған. Оқушылардың ғылыми жұмыспен айналысып, түрлі зерттеу жүргізуіне мүмкіндік берілген. Тігін және сурет шеберханаларында қажетті құралдың бәрі бар. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын жасөспірімдер үшін де спорт залдары толық жарақтандырылған.
Сәндібек Бекет, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:
- Заманауи 2 спорт зал және мектебіміздің сыртқы алаңдарында әртүрлі спорт түрлеріне арналған алаңдарымыз бар. Мектебіміздің оқушыларының спорттық қабілеттілігін дамыту мақсатында әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол, футзал түрінен, ашылғанымызға қысқа уақыт болса да, ұлттық мектеп лигасы аясында қалалық жарыстарда оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленді.
Жазғы лагерьге келген балалар қазір робототехниканың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Мәдени іс-шараларға арналған зал да кең әрі жайлы. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін де инклюзивті кабинеттер әзірленген.
Амангүл Баймұқанова, №50 жалпы орта білім беретін мектептің директоры:
- Зертханалық құралдармен жабдықталған оқу кабинеттері балалардың сабаққа қызығушылықпен белсене қатысуына мүмкіндігі зор. Балалардың шығармашылығын және кәсіптік бағдар беру мақсатында мектептегі шеберханалар жұмыс жасайды. Қазір бізде көптеген үйірмелер ашылып, балалардың, қатысушылардың саны өте жоғары. Келешек мектебі тек оқушыларға емес, мұғалімдерге де қолайлы орта.
Өткен оқу жылында өңірде 3 келешек мектебі қолданысқа берілді. Биыл тағы 6 білім ошағының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айнагүл Жұмағазиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- 6 мектептің үшеуі облыс орталығында орналасқан. Келесісі Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы мен Ақкөл ауылдарында бір ауысымда 600 балаға білім беретін мектеп және Құлсары қаласында Атырау шағын ауданында 1200 орындық мектеп. Бұл мектептерде шәкірттер мен ұстаздарға толыққанды жағдай жасалады. Олардың қауіпсіздігі де ұмыт қалған емес. Жедел басқару орталығына қосылған. Бейнебақылау камералары орнатылып, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін кедергісіз орта қалыптастырылады.
Заманауи білім ордалары үшауысымды мектеп мәселесін шешіп қана қоймай, оқушылардың жайлы ортада сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Бұл игіліктен ауыл балалары да қалыс қалмайды.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин