Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ақой ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы аяқталмай жатыр. Медициналық нысан былтыр желтоқсан айында іске қосылуы тиіс еді. Алайда 241 миллион теңге бөлінген ғимарат халық игілігіне әлі берілмеді.

600-ден аса тұрғыны бар ауыл жұртшылығы бүгінде мәдениет үйінің аядай бөлмесінде ем алуда. Ескі ғимараттың тозығы жеткен. Жаңасы болса тек 80 пайызға ғана аяқталған. Кестеден кешіккен мердігер келісімшартты амалсыздан маусым айына дейін созған.

Ернар Шаханов, Ақой ауылының тұрғыны:

Осыны тез бітіріп беріп, ауыл тұрғындарына берсе дейміз. Өйткені көптеген ыңғайсыздықтар бар. Қарапайым система ала алмай жатыр. Мұнда зейнеткерлер көп тұрады. Бұл жерде жұмыс жоқ. Сондықтан бұл жерде үлкен кісілер тұрады.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Жалпы өңірде құрылысы тұралаған дәл осындай 15 медициналық нысан бар. Барлығы 2024 жылдың соңына дейін тапсырылуы керек болған. Бір қызығы бұл нысандардың барлығы бір мердігер компанияға тиесілі көрінеді.

15 нысанның 10-ы Шет, қалғаны Қарқаралы ауданында салынуда. Барлығын бір құрылыс компаниясы заңды түрде жеңіп алған. Бірақ оның бірінде уақытылы тапсырмаған.

Игорь Зубов, «Сму-5» ЖШС басшысы:

Біз жауапсыз қосымша мердігерлердің кесірінен 2 ай жоғалттық. Бұл өз кінәміз. Кейін ауыл әкімдері су және тоқ көзімен дер кезінде қамтамасыз ете алмады. Тұрғындардан көмек сұрап амалдадық. Ауылдардың арасы тым алыс, жолдары нашар. Осының барлығы әсер етті.

Кейін 4 айға жуық сот процесі жүріп, компания 16 миллион теңге айыппұл төлеген. Қазір барлық жұмыс қайта жанданған көрінеді.

Абылай Смағұлов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

Ауа-райының себептеріне, медициналық жабдықтардың кешігуіне байланысты кейбір нысандардың құрылысы осы жылға өткізілді. Әрине, құрылыс болған соң осындай түрлі себептер болады. Басқарма тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Енді үлгермей жатқан мердігерлерге, санкцияларға жүгінеміз. Айыппұлдар саламыз.

Ұлттық жоба аясында өңірде 3 жыл ішінде 92 медициналық ғимарат салынуы тиіс. Алайда 2 жыл өтсе де тек 26 нысан ғана толық аяқталған. Жауаптылар қалған 66 нысанды биыл тапсырамыз, деп сендіруде.

Жандос Бақытұлы