Жыл сайын мыңдаған мектеп бітіруші түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады. Болашағына уайымдайды, жақсылық күтеді, сын сағатта қобалжиды. Бұл — оқушыға ата-ана тарапынан, қоғам мен мұғалімнен де нағыз қолдау керек сәттің бірі.
Ұлттық біріңғай тестілеудің бала шақтан болашаққа қадам басып жатқан түлектердің өміріне енгелі жиырма жылдай болды. Осы аралықта миллиондаған түлек жоғары оқу орындарына жолдама алды. Алғашқы ҰБТ тапсырған жас түлектер қазір қамал алар шаққа жеткен.
Ардагер ұстаз Кеңескүл Аяпованың айтуынша, негізі ҰБТ оқушыға ашылар үлкен мүмкіндік. Оны «психологиялық қысым» деп қабылдау дұрыс емес. Сондықтан жоғары сынып оқушыларына түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілу керек.
«Қазір мектепте бітіруші сыныптарға емтихан жұмысы алынып жатыр. Ұлттық біріңғай тестілеу оқушы үшін аса маңызды кезеңдердің бірі. Әр оқушы оны арманға апарар баспалдақ ретінде тиімді пайдалануы үшін біз, мұғалімдер барынша күш саламыз», дейді Кеңескүл Якияқызы.
Осы тұрғыда профориентолог, грант сарапшы Ақниет Өте ҰБТ көпшілік үшін психологиялық қысым мен ата-ана үмітіне жауап берудің азапты процесіне айналып бара жатқанына дабыл қағып отыр.Оның айтуынша көп оқушы емтиханнан емес, қоғамның реакциясынан қорқады.
“Мемлекеттік грант ала алмасам не болады?”, “Ата-анамның сенімін ақтамасам не істеймін?”, “Мені бәрі ҰБТ нәтижесіне қарап бағалайды” секілді сұрақтар баланың тек біліміне емес, психологиялық тұрақтылығына да соққы береді. ҰБТ-ны болашақтың бастамасы емес, өмірдің соңы сияқты қабылдап жатады. Біз, ересектер оқушыны 16-17 жасында таңдау жасауға мәжбүрлеп, сол таңдауға бүкіл өмірін байлап қоямыз. Егер сіз балаңызды қолдасаңыз – ол өмірде өз орнын міндетті түрде табады. Ал қысым көрген бала өзіне деген сенімін жоғалтып, жолынан адасуы мүмкін. Профориентация – осы мақсатта ең тиімді құрал. Ол баланың қай мамандыққа бейім екенін анықтап, ҰБТ-ны мақсатқа жетудің бір жолы ретінде қарастыруға көмектеседі», дейді.
Мамандардың бұл пікірімен ҰБТ-ға дайындалып жүрген жас түлектер де келіседі. Оқушыға психологиялық қысымнан бөлек материалдық тұрғыдан да қиындық туғызатынын айтады.
"ҰБТ-ға 10-сыныптан бастап дайындалып жүрмін. Шыны керек, «Егер түсе алмай қалсам, бүкіл еңбегім зая кетеді ғой», деп те қорқамын. Бірақ ата-анам қай кезде де мені қолдауға дайын. Соңғы кездері ештеңеге зауқым соқпай жүр. Тест жаттау мезі қылды. Онлайн курстар оқимын деп біраз шығындалдым да. Енді төккен тер мен кеткен еңбекті ақтасам деп үміттенемін ", дейді Қарағанды облысының түлегі Совет Гүлім.
Басты міндет – баланы сынаққа емес, өмірге дайындау. ҰБТ – мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті пайдалану үшін ең алдымен қолдау мен сенім керек. Бірақ қанаты қатаймаған жас түлекке бұдан өзге көптеген мүмкіндік жолы ашылатыны сөзсіз. Тек соны түсініп, түсіндіріп, болашаққа жетелеу қажет.
Дамира ТӨЛЕГЕН
ЕҰУ студенті