Сенатта қаржы нарығын дамыту және азаматтарға несие беру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген түзетулер қаралды.
Қазіргі таңда қолданыстағы норма бойынша мұндай несиелер тек сот шешімімен ғана есептен шығарылады.
Заңдағы ең басты әрі маңызды түзетулердің бірі – қарыз алушының келісімінсіз және қатысуынсыз ресімделген, алаяқтық жолмен алынған несиені сотқа дейін есептен шығару.
«Аталған заң жобасы аясында алаяқтық жолмен алынған қарыздарды сотқа дейін есептен шығарудың жаңа тетігін енгізіп жатырмыз», – деп мәлімдеді Сенатта өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Банктер немесе микроқаржы ұйымдары мұндай несиені сотқа дейін есептен шығаруға міндеттеледі.
Олжас Қизатовтың сөзінше, алаяқтық жолмен алынған несиені төлеп бастаған немесе оларды соңына дейін төлеген адамдарға қаржысы қайтарылмайды.