Зейнетақыға қатысты тағы бір тыйым. Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағын көз еміне жұмсай алмайды. Мұндай шешімге не түрткі болды?

Бұған дейін зейнетақы жинағындағы артық ақшаны тіс еміне жұмсауға тыйым салынған еді. Дәл осы шектеуден соң, елде көз емдетуге өтініш тастағандар күрт көбейіпті. Айналдырған екі-үш айда офтолмологиялық қызметке сұраныс 7 есе өскен. Осы тұста Денсаулық сақтау министрлігі бір кілтипан барынан сезіктеніп, тексеріс жүргізген.

Назерке Ғалым, «Отбасы Банк» АҚ баспасөз хатшысы:

- 15 қыркүйектен бастап «Отбасы банк» стоматология бағыты бойынша өтінім қабылдау жабылғаннан кейін біз офтальмология бойынша өтінімдердің күрт өскенін байқадық. Мысалы, осыған дейін айына 700-ге жуық өтінім қабылдасақ, бұл 7 есеге өсіп кетті. 2024 жылы осы бағыт бойынша 1381 өтінім мақұлданыпты. Ал биыл көрсеткіш 6000 жетіп отыр.

Тексеріс барысында құжатта көрсетілген кей клиника тіпті атымен жоқ болып шықты. Кейбірінде бірнеше клиент бір орталықпен келісімшарт жасасқан. Міне, осы секілді күдік ұялататын жағдайлар түбегейлі тоқтау салуға түрткі болған.

Қалай десек те, енді заң осылай сөйлейді. Алайда бұған қатысты халықтың, депутаттардың да ойы екіұдай. Олар зейнетақы қорындағы артық ақшаны алуға бірінші кезекте әлеуметтік қажеттілік итермелейді деген пікірде.

Бұған қоса, мұның сыртында шын мәнісінде, сырқаты мазалап, ақ халаттылардан жәрдем күткен жандар зардап шекпей ме деген сұрақ туындайды? Ал шектеудің қашанға дейін жалғасатыны әзірге беймәлім. Десек те азаматтар бұрынғыша зейнетақы жинағындағы шекті сомадан асқан ақшаны ипотекаға аудара алатынын еске сала кетейін.

Авторы: Назерке Тоқжан