Спорт журналисі Аслан Қаженов Сәкен Бибосыновтың ел біріншілігінде қолын сындырып алғанын айтты .

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Журналистің сөзіне сенсек, Қазақстан чемпионатында қолы сынған Бибосынов еш сылтау айтпастан жарыстың соңына дейін өнер көрсетіп, ел үздігі атанған. Тіпті араға төрт-ақ күн салып кәсіпқой бокста да жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен.

“Жарақатпен жұдырықтасты!

Сәкен Бибосыновтың оң қолын бинтпен орап, жаттығып жүрген видеосын көрдім. Бұл жарақат Семейде өткен Қазақстан чемпионатында алынды. Финалға дейінгі айқастарда сындырып алған еді. Соған қарамастан Сәкен жарысты жалғастырам деді. Сылтау айтқан жоқ, жарыстан шыққан жоқ. Мырза ағайдың “на характере алып шығасың” деген сөзі бар. Сол қайсар мінездің арқасында ел үздігі атанды. Араға төрт күн салып, кәсіпқой бокста да жеңіске жетті. Не деген табандылық?! Енді әлгі қолмен икемге келетін жаттығуларды істеп, дайындықты да тоқтатпай жатыр.

Бұған дейін Серік Сәпиев не Бақтияр Артаев сияқты ағаларымыздың осындай жағдайларын естігем. Сәкеннің қолы сынғанын көрдім және осынша қайтпастығына таңқалдым. Дәл осылай Тайландтағы Азия чемпионатында аяғының сіңірі жыртылғанына қарамастан рингке шыққанына да куәгер болдық. Сәкенді жерден алып, жерге салатындар осындай моменттерге де мән берсе деймін. Жарысқа дейінгі жасаған жаттығуы мен төккен терінен бөлек, сын сағатында сынбай, тәуекелге бел буып, айқасқа араласатыны бар. Бұндай жанкештілік жасайтындар өте сирек. Сондықтан, қолда бардың қадірін біліп, уақытында қолдау танытайық. Сәкенге тезірек сауығып кетуді тілейміз! Сәттілік!”, — деп жазды журналист.

Сәкен Бибосынов — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. 2019 жылғы әлем чемпионаты мен 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында 51 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Ол әуесқой бокста 2015 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.