Алматыда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оқыс оқиғаның санын азайтуды көздейтін науқан жалғасуда . Әсіресе отынмен жылитын, қауіпті аймақта орналасқан үйлер ерекше бақылауға алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіне Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин осылай деп мәлімдеді.
Халықты құлақтандырып, оқыс жағдайдың алдын алу үшін насихаттау мен түсіндірме жұмысы қолға алынған. Әлеуметтік осал топтағылар тұратын 686 үй мен оғаш қылықты адамдар тұратын 2067 үй осындағы ең қауіпті санатқа кіреді. «Қауіпсіз пеш», «Таза түтін» мен «Көмек қолы» деп аталатын акциялардың аясында осылардың барлығы тексеруден өтті.
Естеріңізге салсақ, мегаполисте өрт қауіпсіздігі айлығы өтті. Осы уақыт ішінде ТЖД қызметкерлері жеке сектордағы және көпқабатты үйлердегі тұрғындармен кездесулер өткізіп, үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің талаптарын түсіндірді. Тұрғындарға жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға қатысты нұсқаулықтар мен буклеттер таратылды.
Бұл жұмыс «Қызыл Ай Қоғамы», «Lider.kz» мен «Қазақстан еріктілер лигасы» сияқты ұйымдар мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асты. Газ қазандығын қолданатын үйлерге ерекше назар аударылды.
Халықтың кеңінен хабардар болуы үшін Департамент өрт қауіпсіздігі ережелері туралы еске салу СМС-хабарламаларын ұйымдастырып, 7,6 миллионнан астам абонент хабарламаны алды.
Интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілерде 260 профилактикалық материал жарық көрді. Халық көп жиналатын нысандарда жылу құрылғыларын қауіпсіз пайдалануды насихаттау жағы да ескерілген.
«Жылыту маусымы кезінде түтін шығаратын қондырғыны кемінде екі айда бір рет тазалап тұру керек. Пешті шамадан тыс қыздырмаңыз, оларды тез тұтанатын, лап ете қалатын затқа жақын орналастырмаңыз. Газбен жұмыс істейтін пешті пайдаланудың нұсқаулығын қатаң сақтаңыз. Пешті, газ колонкасын, ас үй плитасын, керогаз бен электр құрылғыларын балалардан аулақтау ұстап, қараусыз қалдырмаңыз», — деп қорытты Константин Канин.