Еуроодақ елдері өзара жиі дауласып тұрады. Көші-қон саясатынан бастап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселесі келіспеушілік тудыруда.

Тіпті соттардың тәуелсіздігі, сөз бостандығы және адам құқықтары сияқты демократия қағидаттарына келгенде де ауызбіршілік жоқ.

Еуропалық Одаққа мүше кез-келген елдің соты тәуелсіз, ал заңдары бәрін бірдей қорғауы керек. Польшада, Еуропалық комиссияның пікірінше, бұл қағида бұзылған: судьяларды тағайындайтын ұлттық сот кеңесі парламенттің бақылауында. Ал оның құрамында, негізінен, басқарушы партияның мүшелері. Еуропалық сот пен Еуропалық адам құқықтары соты мұны тәуелсіздікке төнген қауіп деп бағалайды.

Венгрияда да парламент сайлаған сот әкімшілігі басшысының құзыреті жоғары және судьялардың тағайындалуына тікелей ықпал етеді. Брюссель бұл — соттарға қысым жасауға және азаматтардың құқықтарын шектеуге апаратын бірден бір жол деп есептейді.

Майкл Макграт, Еуропалық одақ әділет комиссары:

- Өткен жылы берілген ұсыныстарды орындауға келгенде ілгерілеушіліктің жоқтығы қынжылтады. Біз қажет болған жағдайда Венгрияға қатысты қосымша шаралар қабылдауға дайынбыз.

Еуроодақ Венгриядағы партия бюджетінің жабық, бұқаралық ақпарат құралдарына қысым көрсетілетінін, ал соттар билікке тәуелді екенін айтады. Одақ өзіне мүше-елдердің заңын тікелей өзгерте алмайды, бірақ қаржылық шектеулер қолдана алады. Ол Венгрияның инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына және әлеуметтік бағдарламаларына бағытталған шамамен 18 млрд еуроны беруді тоқтатып тастап, бұл мәселе дау тудырды. Польшаның жаңа президенті болса, қыр көрсетуге көшті. Ол ел егемендігін қорғаймын деген желеумен конституцияны өзгертуге уәде берді. Бұл мәлімдеме өз үкіметімен демократиялық стандарттар үшін күрестің бастауы болды.

Кароль Навроцкий, Польша президенті:

- Польша үкіметімен пікірталастар кезінде де, өз шешімдеріме келгенде де және халықаралық аренада да әрине, Еуроодақ шеңберіндегі қарым-қатынастарды жалғастырамын. Бірақ мен Еуропалық Одақтың Польшаның сот жүйесі және сот төрелігін ұйымдастыру сияқты құзыреттерімізді тартып алуына ешқашан келіспеймін.

Еуроодақтағылар әділет мәселесі бойынша ғана дауласпайды. Көші-қон саясатына келгенде Италия мен Грекия босқындарды қабылдау ісінде серіктестердің көбірек үлес қосқанын талап етсе, Чехия мен Словакия квоталық саясаттан бас тартып отыр. Ал Франция 2022 жылдан кейін атом энергиясын «жасыл» деп тануды талап етеді. Германия болса, жаңартылатын қуат көздерін құп көреді. Қаржыға келгенде Нидерланды мен Австрия оңтүстік еуропа елдерін қолдауға жұмсалатын үлкен шығындарға қарсы. Мұның бәрі Еуроодақтың төрт құбыласы түгел мемлекет емес, бітпейтін даулар мен ымырадан кейін ғана ортақ келесімге келетін ұйым екенін растайды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы