Қазақстандағы адам саудасының құрбандарының басым бөлігі – шетел азаматтары. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Ерболат Әбулхатин мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі тіркелген құрбандардың 70 пайызы – шетелдіктер, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сарапшылар мұндай жағдайға қазақстандық жұмыс берушілердің заңсыз әрекеті тікелей әсер етіп отырғанын айтады. Қаражатты үнемдеу үшін олар құжатсыз жүрген мигранттарды жұмысқа тартып, құлдық еңбекке жегеді.

Бұл тәжірибе тек адам құқығын таптап қана қоймай, еңбек нарығын көлеңкеге түсіріп, еліміздегі адам саудасының өршуіне жол ашып отыр.

Қоғам белсенділері жұмыс берушілерді қатаң жазалауды және көлеңкелі еңбекті тамырымен жоюды талап етуде. Ал құқық қорғаушылар егер заңсыздыққа көз жұма қарау жалғаса берсе, Қазақстан халықаралық аренада «адам саудасының ошағы» ретінде танылуы мүмкін екенін ескертеді.