Жыл соңына дейін Еуропалық Одақ Украинаға 35 миллиард еуро көлемінде қаржылай қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жәрдем Еуроодақтың «Үлкен жетілік» елдерімен бірлесіп жүзеге асыратын бастамасы аясында берілмек. Қаражат ең алдымен Украинаның әлеуметтік және гуманитарлық қажеттіліктерін өтеуге жұмсалады.

Еуропалық қайта құру және даму банкі Украина экономикасының 2025 жылға арналған өсім болжамын 3,3%-ке дейін төмендетті. Бұл шешім қарулы қақтығыс пен жаһандық сауда шиеленісінің ушығуына тікелей байланысты. Дей тұрғанмен қаржы ұйымы Украина экономикасына ауқымды несиелік қолдауды тоқтатпайтынын ресми мәлімдеді. Жыл соңына дейін халықаралық банк Украинаға кемінде 1,5 миллиард еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұл инвестиция негізінен энергетика, инфрақұрылым және жеке секторды қолдауға бағытталған. Сонымен бірге Еуропалық Одақ та биыл «Үлкен жетілік» елдерімен бірлесіп, Украинаға қомақты қаражат бөлетінін ресми растады.

Урсула фон дер Ляйен, Еуропалық комиссия төрағасы:

- Біз үшін Украина тек көрші ел емес. Біз үшін Украина – ортақ болашағымыздың бір бөлігі. Сондықтан біз 2025 жылы Ukraine Facility бағдарламасы аясында шамамен 35 миллиард еуро көлемінде қаржылық көмек көрсетуге дайынбыз.

Украина өз кезегінде мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін, атап айтқанда, жалпы ішкі өнімнің 26%-ін қорғаныс пен қауіпсіздік саласына құйып жатыр. Сәуірдегі ресми мәліметтерге сәйкес Украинадағы жылдық инфляция деңгейі 15%. Алайда Ұлттық банк жыл соңына қарай инфляцияның бесеңдеп, 8,7%-тік деңгейге дейін төмендеуін болжайды. «Ал қарулы қақтығыс жалғасқан жағдайда жыл соңына дейін елдегі инфляция деңгейі 7,5 шамасында болуы мүмкін», – дейді Халықаралық валюта қоры.

Роберта Метсола, Еуропарламент төрағасы:

- Еуропа Украинаға көмек көрсету мақсатында біртұтас күшке айналды. Бұрын одаққа мүше мемлекеттер арасында өзара бірлік болмады. Украинаны қолдау арқылы Еуропа елдері өздерінің саяси ынтымақтастығы мен ерік-жігерін айқын көрсетіп отыр.

Осылайша биыл Халықаралық қаржы көлемі рекордтық деңгейге жетеді деген болжам бар. Жалпы алғанда 2025 жылы Украинаға сырттан 58 миллиард долларға дейін көмек келуі мүмкін. Оның басым бөлігі – 40 миллиард доллар «Үлкен жетілік» елдерінің бастамасымен, Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кіріс есебінен бөлінеді. Қалған қаражат Халықаралық валюта қоры, Еуропалық одақ және өзге де халықаралық серіктестер тарапынан беріледі. Бұл қаржы Украинада 40 миллиард долларға бағаланған бюджет тапшылығының бір бөлігін жабуға жетеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач