Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бір палаталы Парламент құруды ұсынды. Депутаттар осы турасында пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Сенаттың тарихи миссиясы аяқталғанын, қазіргі заман жаңа шешімдерді талап ететінін алға тартты.

"Сенат өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарды. Уақыт өзгереді, күн тәртібі өзгереді. Егер бір палаталы Парламентке көшер болсақ, сенаторлар белсенді сайлау құқығы арқылы бәрібір қайтадан сайлана алады. Өкілеттіктің азаюы мен құрылымдық өзгерістердің бәрі бір-бірімен үндесіп тұр", — деді ол.

Азат Перуашев бұл ұсынысты "Ақ жол" патриясы 2017 жылдан бері көтеріп келе жатқанын еске салды. Тіпті Назарбаев билігі кезінде де бұл мәселені Президент әкімшілігі мен сенаторлар тартысқа салған көрінеді.

"Біздің жүйеде Сенат басқа рөл атқарды. Ол аймақтардан қалыптасқанымен, бәрібір билік партиясының өкілдері болды, биліктің өзі тағайындаған адамдар — бұрынғы әкімдер, шенеуніктер. Олар көппартиялық жүйенің қызметін сүзгіден өткізіп, бақылап отырды. Парламенттік партиялар билік партиясымен тартысып, кейбір нормаларды өткізіп алуға қол жеткізген кездің өзінде Сенат оларды кері келіспей, қайта қарауға жіберетін. Осылайша басқа партиялардың ықпал ету мүмкіндігін шектейтін. Ал бүгінгі күні экономика мен саяси жүйені либерализациялау аясында мұндай сүзгінің қажеті жоқ. Президент Тоқаев осыны ашық аңғартты", — деді Перуашев.

Ал Еділ Жаңбыршин депутаттар санын арттыру қажет деген пікірде.

"Бұл — бұрыннан талқыланып келе жатқан мәселе. 2021 жылы Мәжіліске келгелі осы туралы естіп келемін. Меніңше, бәрі елу де елу болуы қажет. Елу пайыз — саяси партия, елу пайыз — бір мандатты үміткерлер. Мұндай өзгеріс елімізге қажет, депутаттар санын да арттыру керек. Себебі жұмыс өте көлемді. Талқылауға түсетін заңдар өте көп және бір депутат бірнеше заңмен айналысатын кездер болады. Сапалы заң болуы үшін заң және адами ресурс қажет. Бір адам бірнеше заң жобасын жүргізе алмайды. Сенаторлар саяси партиялар, бір палаталы Парламент қатарына қосыла алады", — деді Жаңбыршин.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болатынын да айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget