Кикшеринг компанияларының басшылары пайдаланушылардың электрсамокатпен ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлім етті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистің электрсамокатты пайдалану ережелерін іс жүзінде ешкім сақтамайтыны туралы сұрағына жауап берген Қайсар Сұлтанбаев, заңбұзушылықтар үшін санкциялар тек шағын көлік құралын пайдаланушыларға ғана емес, сонымен қатар кикшеринг компанияларына да қолданылатынын айтты.
"Самокат мәселесі бар, оны мойындауымыз керек. Біз бүгін кикшеринг компанияларының басшыларымен қосымша кездеспекпіз. Бүгінгі негізгі мәселелер – жаяу жүргіншілер жолымен жүру, жылдамдық режимін сақтамау. Кикшеринг басшылары кезінде бізге, егер самокат жүргіншілер жолында қолданылса, жылдамдық 6 шақырымнан аспайды деп уәде берген еді, алайда бүгінде ол орындалмай отыр. Сондықтан бұл компаниялардың басшыларына қатысты заң аясында шаралар қабылданады", – деді Сұлтанбаев.
Ол электрсамокатты пайдаланушылар тек өздері үшін ғана емес, жаяу жүргіншілердің қозғалыс қауіпсіздігіне де қатер төндіретінін мойындады.
"Бүгінде самокаттармен қауіпсіз жүру мәселесін толық шештік деп айтуға ерте, бірақ тәртіп орнатамыз. Сіздерге сөз беремін", – деді ол.
Бейберекет тұрған самокаттар
Қайсар Сұлтанбаев электрсамокаттарға арналған арнайы тұрақтар мәселесі бөлек қарастырылатынын атап өтті.
"Пайдаланғаннан кейін самокаттарды қайда болса, сонда тастайды, олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді және жалпы бұл тұрғыда тәртіпсіздік бар. Біз бұл компаниялардың басшыларынан жергілікті атқарушы органдармен бірге самокаттарға арналған тұрақ орындарын белгілеуді сұрадық. Алайда бұл жұмыс та соңына дейін орындалған жоқ. Осыған байланысты біз шаралар қабылдаймыз. Олардың барлығын (кикшеринг компаниялары – еск.) жауапкершілікке тартамыз", – деді әкімшілік полиция басшысы.
Еске салайық, 15 тамызда Алматы полициясы қала тұрғындарына электрсамокаттарды пайдалану ережелерін еске салған еді. Алайда бұл ескерту ешқандай әсер етпеді. Мегаполис тротуарларындағы жағдай өзгеріссіз қалып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз