Елде қоқысты бөлек жинау жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында қалдықтарды кәдеге жарату әдетін қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан іс. Экология және табиғи ресурстар министрі осылай деді. Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қалаларда шикізатты қабылдайтын экобокстар мен фандоматтар іске қосылады. Бүгінде Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскеменнің жеке кәсіпкерлері қалаларда 100-ден астам фандомат орнатқан.

«Бұл табиғатқа ұқыпты қарап, экологиялық құндылықтарды қалыптастыруға септігін тигізеді», — дейді ведомство басшысы.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық түзіледі. Бұл ретте оларды қайта өңдеу деңгейі өткен жылы 25,8%-ті құрады. Жағдайды жақсарту үшін заманауи инфрақұрылым белсенді дамытуда. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар саласы бойынша 67 жоба мақұлданып, оған 300 млрд теңге қарастырылған.

Республикада бастау алған «Таза Қазақстан» науқанының жемісі бар. Оның аясында бүгінге дейін 1,3 миллиардтан астам көшет егілді. Оның 48 миллионнан астамы Арал теңізінің құрғаған түбіне отырғызылды. Экология және табиғи ресурстар министрі: «Экологиялық шара мұнымен аяқталмайды», - деді. Елде кеңінен көгалдандыру және орман алқаптарын көбейту жұмыстары жалғасын табады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Қазалы қаласында 33 гектар алаңда қуаттылығы жылына 3 млн көшет болатын орман тұқымбағы құрылысы аяқталып, іске қосылды. Ағымдағы жылы көлемі 15 гектар тұқымбақты жобалау және Аралдың құрғатылған түбінде тікелей ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.