Қызылордада тұрғын үй кезегінде тұрған 120 адам пәтер алды. Тоғыз қабатты екі тұрғын үй Сырдарияның сол жағалауындағы шағын ауданда салынды.
Баспана кілтін тапсыру рәсіміне Сенат депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурыз Байқадамов та қатысты. Жалпы өңірде 3600 пәтер сатып алу үшін 59 миллиард теңге бөлінді. Ал кейінгі үш жылда барлық ауданда 1800-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Алдағы уақытта қалада, тағы бірнеше үй пайдалануға беріледі.
Берік Нұрғалиев, қала тұрғыны:
- Отбасылы болғаныма 12 жыл болған. Осындай баспанаға қол жету армандап жүр едік. Міне, бүгін орындалып, қуанышымызда шек жоқ. Өзім бес баланың әкесімін. Көпбалалы ретінде алып жатырмыз.
Наурыз Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Соңғы үш жылда Сыр өңірінде бес мыңнан астам тұрғын үй халық игілігіне тапсырылды. Сондай-ақ қаржылық мәселесінің бәрі Үкіметтің қолдауымен нақты шешілген. Сондықтан бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады.