Жаңа оқу жылы қарсаңында Жетісу облысында жол қауіпсіздігі күшейтілді .
Оқу орындарының жанындағы жаяу жүргіншілер жолағы боялып, жол белгілері ауыстырылып жатыр. Бүгінге дейін облыс аумағында 800-ден жол белгісі жаңартылды.
Талдықорғандағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектепте биыл 1600-ге жуық бала білім алады. Оқушылардың жолдан алаңсыз өтуі үшін оқу орнының алдындағы жаяу жүргіншілер жолағы боялды. Жүргізушілерге арналған алдын-ала ескерту белгілері де ауыстырылды.
Тұрсынай Жандәулетова, қала тұрғыны:
- Осыдан кейін жүргізушілер абайлап, байқап жүреді деп ойлаймын. Ата-аналар да бір мезгіл балаларына үйретіп қою керек. Не үшін осы белгілер керек. Сонда қайғылы оқиға болмайды.
Мектеп маңындағы көшелерге орнатылған жасанды кедергінің де бүлінгені бүтінделеді. Сөйтіп тас жолмен жүйіткитіндердің жылдамдығын тежеу көзделіп отыр.
Берік Бекбатыров, серіктестік директоры:
- Қала бойынша 22 мектептің жаяу жүргіншілер жолағын жаңарттық. Сонымен қатар 81 жол белгілері ауыстырылды. Енді қалған жұмыстарды бір аптаның ішінде бітіруге тырысамыз.
Қалада 35 мектеп жұмыс істейді. Ал облыс бойынша олардың саны шамамен он есеге көп.
Жетісу облысында 300-ден астам білім ошағы бар. Биыл онда 130 мыңнан аса бала білім алады. Соның 13 мыңы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды.
Қайрат Қасымов, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Білім мекемелері жаңа оқу жылына дайын. Атап өтетін болсақ, 8 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары 7 жаңа мектеп салынып жатыр. Жеті мектептің екеуі бірінші қыркүйекке дейін үшеуі осы жылдың аяғына дейін, үш мектеп келесі жылға дейін ауыспалы.
Жол қауіпсіздігін күшейту аймақ үшін аса маңызды. Себебі өткен жылдың жеті айында балалардың қатысуымен 109 жол көлік оқиғасы тіркелсе, биыл оның саны 134-ке дейін өсіп отыр.
Қайсар Мұхметов, облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметінің бастығы:
- Транзиттік көліктің саны 90 мыңға артып отыр. Біздің Жетісу облысында тіркелген көліктердің саны былтырмен салыстырғанда 5 мыңға асып отыр. Осындай жағдайларды ескермей біздің ата-аналар балаларға қызығушылық танытқан соң электросамокат, электромопед алып беріп жатады. Ал бала жаңағы көлікті мінген соң жол жүру ережесін сақтай бермейді.
Оқу жылы басталысымен тәртіп сақшылары мектеп маңында кезекшілікке кірісіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, олар жазғы демалыстан оралған оқушылармен жүздесіп, жолда жүру ережелерін жан-жақты түсіндірмек.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, 24KZ