Қарағанды облысында 76-дағы әже трактор тізгіндейді .
Шәйза Өтебаева ұзақ жыл отағасымен бірге ауыл шаруашылығында еңбек еткен. Бүгінде балалары да, келіні де трактор жүргізеді.
Ақбай-Қызылбай ауылының тұрғыны Шәйза Өтебаева жастайынан техникаға үйір болды. Қырдағы еңбекке ерте араласты. Қаршадай қыз жер жыртып, шөп шауып, қыстақтарға мал азығын жеткізген. Сол қайсар мінезі арқасында небәрі 15 жасында озат механизатор атанды.
Шәйза Өтебаева, еңбек ардагері:
- Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін трактор курсы ашылды. Соған жазылдым мен. Жасың толған жоқ деп айтты. Мен жоқ деп алған бетімнен қайтқаным жоқ. Тракторды міндім де жүріп кеттім.
Техниканы жетік меңгергеннен кейін «К-700» тракторды да, комбайнды да жүргізді. Еңбек ардагерінің өнегелі өмірінен мына «МТЗ-80» тракторы сыр шертеді деуге болады. Оны 1985 жылы совхоз басшылығы сыйға тартқан. Әжеміздің өмірлік серігі Байсерке Әшімов те үздік механизатор болды. Қазір балалары тіпті келіні де трактор тізгіндей алады. Осы әулеттің келіні Меруерт техникамен жақсы таныс.
Меруерт Әшімова, келіні:
- Енем үйретті тракторға отыруды. Басында қорықтым, машинаға үйрен деді. Мен де 15 жасымда тепкем деп «волгаға» отырғызып қорқыншымды сол кісі жеңді. Содан кейін осы таркторды үйретті. Қазір міне ептеп жолдасыма көмектесемін. Ұлдардың қолы тимей қалады.
Шәйза әже дүниеге 8 бала әкелген алтын құрсақты ана. Түздегі қауырт жұмыста жүргенімен үй шаруашылығына да, бала тәрбиесіне де үлгеретін, — дейді ауылдастары.
Бақтыбала Қабыланбайқызы, Ақбай-Қызылбай ауылының тұрғыны:
- Бір ауыр жұмыстан қалған емес ауылдың адамдары қайсысы болса да. Агрегат болды, отар-отар қой болды, соларды түгел қырқуға әйелдер қатысты. Шәйза енді еңбекте шыңдалып өсіп келіп, сол тракторшы болып жүрді, қырманда да істеді, егін шаруашылығында да істеді. Сол мынау егінде жүргенде, үйге баласын емізуге кіріп кеткенінде ағамыз шығатын да жаңағы тракторын түгел дайындап қоятын. Майын, түгелін құйып.
Ақ жаулықты ана қазір қазір құрметті демалыста, немерелерінің ортасында. Ауылдағы қоғамдық жұмыстардың бірінен қалмайды. Еңбек ардагерінің өнегелі өмірі жас ұрпақ үшін мол тәжірибе мектебі.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит