YouTube , TikTok, Facebook және басқа да платформа арқылы табыс тапқандар декларация тапсыруға міндетті. Талапты орындамағандарға қандай шара қолданылатынын Қаржы министрі түсіндірді. Үкіметте өткен брифинг барысында министр Мәди Тәкиев декларация деректерді салыстыру үшін қажет екенін еске салды. Яғни, әлеуметтік желі арқылы табыс тапқандар табысының 10 пайызын салыққа төлеуі тиіс. Министрдің мәліметінше, қазір декларация дауына ілінген 7 блогерге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Еске салайық, биыл ақпаннан бастап Мемлекеттік кірістер комитеті табысын төмен көрсеткен 600-ге жуық блогерге хабарлама жіберді. Ведомство басшылығы барлық блогерді бизнес жүргізу барысында мұқият болуға шақырады.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
YouTube, TikTok-та, мысалы, YouTube өзі ақша төлесе, сол жерден жеке табыс салығы ұсталады. Ол ақпаратты өздері бізге береді. Оны декларацияда өзіңіз көрсетесіз, мысалы, TikTok-та жазылушылар көп болып, TikTok-тан ақша алсаңыз, жыл бойы сол жылдың қорытындысы бойынша декларацияны бізге тапсырасыз. Жеке табыс салығы 10 пайыз.
Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі енгізіледі
Сондай-ақ брифингте мәлім болғандай, елімізде салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі енгізілмек. Қазір мемлекеттік органдармен 64 интеграция жүзеге асырылды. Деректер көлік және мүлік салығын есептеуде, камералды бақылау және жалпыға бірдей декларациялау кезінде қолданылады.
Самал Қабышева