Алматы облысында « Жасыл ел» еңбек жасағының XXI маусымы ашылды.
Жасақ құрамына 14 пен 35 жас аралығындағы мыңнан астам жас сарбаз тартылып, маусымдық жұмыспен қамтылды. Олар 2 ай бойы саябақтар мен көшелерді абаттандырып, өзі туып-өскен өлкені көгалдандыруға үлес қосады. Тиісті еңбекақысын алып, арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Осылайша облыс жастары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстарды жалғастырып, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосады. Жалпы елімізде 2005 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан бағдарламаның мақсаты – жасөспірімдер мен жастарды табиғатты аялауға баулып,еңбекке тарту. Экологиялық сананы қалыптастырып, жауапкершілікті арттыру.
Мәди Ахметов, облыстық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Былтырғы есеппен алатын болсақ, біз 300-ден астам экологиялық акция ұйымдастырдық. 20 мың тоннаға жуық қоқыс тазартылды. 18 мың гектар жерді қамтыды. Биыл да сол көрсеткіштерді екі еселендіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Әлихан Әбдірашит, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:
- Көптеген саябақтар мен мәдениет орындарын тазаладық және қайырымды істер мен жақсы жұмыстарды атқардық. «Жасыл ел» — жастарға тәлім-тәрбие беретін және қайырымды істер жасайтын, әр адамның патриоттық сезімін оятатын жақсы құрылымдардың бірі.